№1. Билетті ертерек алу
Ұшақ билеттерін сапардан 1-2 ай бұрын алсаңыз, бағасы арзан болады. Мысалы, сапарды мамыр айына жоспарласаңыз, билетті наурыздан бастап іздей берген жөн. Себебі ол кезде ұшақта бос орын көп болады, бағасы да арзан. Бос орын аз қалса, баға да жоғары.
Бұл туралы спорт журналисі Руслан Меделбек өзінің парақшасына былай деп жазған еді:
«Визасыз баратын елдерге билет іздесеңіз алдымен сайттағы seats деген бөлімнен ұшақта қанша бос орын қалғанын қарап алыңыз. Көп орын болса демек арзан билет бар және сайттағы сервис оны сізден жасырып қоюы мүмкін. Бос орын аз қалса арзан билетке де мүмкіндік аз. Мысалы, Мәскеуге билет іздеп, бір ай бұрын ресми сайтқа кірдім делік. ұшақта бос орын көп екенін білдім. Сайт маған баратын уақытыма 130 мың теңгеге ұсынды. Бірақ басқа көрші даталарда 110 мың теңгенің билеті тұр. Демек, мен баратын күнге де 110 мың теңгелік билет бар деген сөз. Осыдан кейін ресми сайтпен қатар aviata.kz, tickets.kz, chocotravel.kz сервистерінен де іздеймін. Төртеуін де ашып қоямын. Барлығы 130 мың теңгенің билетін ұсынды делік. Бір айналып келіп төрт сервисті қайта жаңартамын. Түбі бір сайт Сізге 110 мың теңгенің билетін ұсынады. Ұсынғанда ойланбай брондап, сатып алыңыз. Бірде арзан билетті «аулау» үшін жарты күнім кеткен. 20 мың теңге қалтамда қалды».
Бірақ демалыс турына барғыңыз келсе, керісінше, билетті рейске өте аз уақыт қалғанда алса, арзан болады. Туристік компаниялар оны «күйіп бара жатқан тур» деп атайды. Мысалы, 15 шілдедегі турға билет алу үшін 7 шілдеден бастап туркомпанияларға хабарласып, іздеген тиімді. Алайда бұл турда қонақ үйлерді қалауыңызша таңдай алмай қалуыңыз мүмкін. Себебі аз уақыт қалғанда қонақ үйдегі жақсы бөлмелердің бәрі брондалған болады да, сізді бос қалғанына жібереді.
№2. Билет алу уақытын дұрыс таңдау
Ұшаққа билет алғанда тәулік уақытын да есепке алу керек. Көп адамдар оны түскі уақыттарда алады. Ол кезде сіз сияқты бірнеше адам аталған сайтқа кіруі мүмкін. Сұраныс көбейген кезде баға да артады. Сол себепті билеттерді таңертең ерте немесе түннің бір уағында алған жөн. Бұл кезде сұраныс аз — баға арзандау.
№3. Түнде ұшу
Тағы бір «қулық» бар. Ол — түнде ұшу. Көптеген авиакомпанияларда түнде ұшатын рейстердің бағасы күндізгіден арзанырақ. Сол себепті ұйқыны ұшаққа қалдыру да ақшаңызды үнемдеуге көмектеседі. Алайда бұл уақытта қоғамдық көлік тоқтап қалады, сол себепті әуежайға жекізетін такси құнын да есепке алыңыз.
№4. Дүйсенбі-бейсенбі арасында ұшу
Сапарыңызды сенбі-жексенбі күні барғыңыз келген қалаңызда/еліңізде болатындай етіп жоспарлаңыз. Билет сатып алу үшін сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері тиімді деп саналады. Ал билетті жұмадан өзге күндері брондай беруге болады. Неге жұмадан өзге? Біріншіден, апта соңына қарай эконом-класс билеттері аз қалады; екіншіден, бизнес ісспарлардың билеті көп жағдайда осы күні брондалады; үшіншіден, көптеген адамдар демалыс туралы апта соңына қарай ойлана бастайды.
№5. Ұшу күндерін алмастыру
Сіздің ұшқыңыз келген күнде билет қымбат болса, ұшу күнін 3-5 күнге ертерек немесе шегеріп алған да арзанға түседі.
Туристік маусымның қызған уақытында емес, одан сәл ертерек немесе кештеу ұшқан да тиімді. Себебі ол кезде демалушылардың қарасы көп болғандықтан, авиакомпаниялар мен қонақ үйлер де қызмет құнын өсіріп жібереді.
№6. Жеңілдіктерді бақылауда ұстаңыз
Ұшақ билеттерінің бағасы секунд сайын құбылып тұрады. Күн сайын қандай да бір авиакомпания билеттеріне жеңілдік жариялайды. Солардан хабардар болып отыру үшін онлайн кассалардың арнайы ұсыныстарына жазылып алу да артық болмайды. Мысалы, Aviata.kz, chocotravel.com сайттарынан тиімді бағалар кестесін қарап отыруға болады.
№7. Кішкентай сөмкемен саяхаттаңыз
Көптеген авиакомпаниялардың билет бағасына жүк тасымалы кірмейді. Сөмкеңіз үшін қосымша ақы төлеуіңіз керек. Сол себепті ұшақ бортына алып кіруге болатын көлемдегі сөмкемен саяхаттауды үйреніңіз.
№8. Ел астаналарынан өзге қалаларға ұшыңыз
Бір елдің астанасынан екінші елдің астанасына ұшу қымбат. Оған қарағанда астанаға жақын бір қалаға ұшып барып, ары қарай пойыз немесе автобуспен бару анағұрлым арзанға шығуы мүмкін. Сондықтан сапарыңызды жоспарлағанда бұны да ескерген жөн.
№9. Басқа қалалар арқылы ұшыңыз
Тікелей баратын ұшақтарға қарағанда жолай басқа қалаларға соғатын ұшақтардың билеті арзандау. Мысалы, Алматы-Мәскеу бағытына тікелей ұшу құны — 77 мыңнан басталады. Ал өзге қалалар арқылы ұшу — 54 мың. Егер уақытыңыз тығыз болмаса, осылай да ақша үнемдеуге болады.
№10. Бару-қайту билетін бірден алыңыз
Ұшақ билеттерін баруға бір алып, кейін қайтар мерзім жақындағанда кері бағытқа алғаннан, бару-қайту билеттерін бірден алған арзанырақ. Мысалы, Алматы-Атырау бағытына 4 маусымда ұшып барып, 11 маусымда кері қайту билеттерін бірден алсақ — 52 612 теңге. Ал 4 маусымға бару билетін ғана алсақ — 29 106 теңге, ал кері бағытқа бөлек 11 маусымға алу — 26 056 теңге. Екеуін екі бөлек алсаңыз, 55 162 теңгеге шығады.