Басты бетЖаңалықтарТерроризмге қарсы...

Терроризмге қарсы күреске арналған бағдарлама таныстырылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, өткен жылы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жұмысы аяқталған болатын. 2013 жылдан бері барлау қызметі 38 террактінің алдын алып, қауіпсіздік талаптарына сай келетін нысандардың саны артты. Бұдан бөлек, ақпараттық түсіндіру жұмыстары кеңінен атқарылды. Интернет пен әлеуметтік желіде діни экстремизмге қарсы күрес шаралары күшейтілді.

«Осы бағдарламаны іске асыру кезінде жалпы 98 млрд теңге игерілді. Соның ішінде республикалық бюджеттен 27,8 млрд, ал жергілікті бюджеттен 70,2 млрд теңге бөлінді», — деп атап көрсетті Н.Білісбеков.

Оның айтуынша, жаңа бесжылдық бағдарлама аясында бұған дейінгі шаралар жалғасатын болады. 2018-2022 жылдары ішінде атқарылатын жұмыстың нақты индикаторлары да белгіленді. Соның ішінде радикалды көзқарастағы адамдардың санын азайту, арнайы күш құрылымдардың материалдық жағдайын күшейту, қауіпсіздік талаптарына сай келетін нысандардың саны арттыру және тағы басқа талаптар бар.

«Жаңа бағдарлама аясында 80 іс-шараны орындау жоспарланған. Соның ішінде 35-сі арнайы сипатта. Соның барлығын іске асыру үшін бес жылдың ішінде 270 млрд теңгеден астам қаржыны бөлу көзделіп отыр. Республикалық бюджеттен 209,3 млрд, ал жергілікті бюджеттерден 60,7 млрд теңге бөлінеді», — дейді Н.Білісбеков.

Айта кетейік, Министрлер кабинеті терроризмге қарсы күреске арналған бесжылдық бағдарламаның жобасын мақұлдады.

Дереккөзkazinform.kz