Ауданның өткен жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты өсу қарқыны сақталып, негізгі 13 индикаторы толығымен орындалды. Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Далабаев Жандарбек баяндады.
Аудандағы экономиканың негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту. Былтыр ауданда осы салаға 42 миллиард 715 миллион теңге жұмсалды. Аудан дәнді дақылдарды, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруде және мал басының саны бойынша алдыңғы орында.
Өткен жылы «Агробизнес-2020» ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы аясында барлығы 1 миллиард 81 миллион теңге қаржы игерілгені белгілі болды. Сонымен қатар, егін шаруашылығына бөлінген субсидия көлемі 64,9 млн.теңгені құрады.
«Мал шаруашылығы бойынша бөлінген субсидия көлемі 911 миллион теңге, оның ішінде, мал шаруашылығын дамытып, өнімділігі мен сапасын арттыру бағдарламасы бойынша сиыр етіне 224,4 млн, жылқы етіне 17,3 млн, жұмыртқаға 53,8 млн, сүтке 638 мың, жүнге 36,4 млн.теңге жұмсалды», — деді Жандарбек Далабаев.
Бүгінгі күні ауданның ауыл шаруашылығы саласында 3 950 тауар өндірушілер еңбек етеді. Оның 3 497-і шаруа қожалықтары. «Р-Күрті», «Мыңбай», «Ақтерек», «Табыс» және «Империя Фуд» секілді ірі шаруа қожалықтарының нәтижелі жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.