Бүгін халық алдында есеп берген Алматы әкімі Бауыржан Байбек 2017 жылы жұмыспен қамту саласын заңдастыру мәселесінде бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді.
«Қаланың жұмыспен қамту базасында 235 мың адамның әлеуметтік статусы өзгерді. Пәтерін жалға берген, жекелей адам тасымалымен және бала оқытумен айналысып келген 22 мыңға жуық адам тіркеліп, салық төлей бастады. Бұрын ақшаны конверт арқылы алып келген 1,5 мыңға жуық жалдамалы жұмысшылар еңбек шартына отырып, әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларына енді. Сонымен қатар, уақытша жұмыссыз 14 500 тұрғын анықталып, тіркеуге алынды. Оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету керек», — деді Байбек.
Алматы әкімі 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап, қалалық жұмыспен қамту орталығы жаңа форматқа ауысқанын еске сала кетті.
«Енді «бір терезе» жүйесі арқылы еңбек биржасына шығуға болады. Онда электронды түрде 35 мың бос жұмыс орны тіркелген. Сондай-ақ, аталған жүйе арқылы бала күтіміне байланысты төлемдерді электронды түрде ресімдеп, еңбек қатынасын заңдастыруға болады. Жалпы, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында былтыр 45 мың жұмыс орны құрылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп», — деді мегаполис басшысы.
Айта кетейік, биыл Алматыда Жол картасы бағдарламасы аясында 32 мың адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.