Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Алматыда әлеуметтік қолдау саласында 23 460 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, көрсетілген қызметтердің басым бөлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынылған.
Әлеуметтік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету. 1 шілдедегі жағдай бойынша мұндай көмекті 1 393 отбасы, яғни 7 мыңнан астам адам алған. Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаждық деңгейін бағалау нәтижелері негізінде және еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған жағдайда тағайындалады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын әрі құрамында бір жастан алты жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қосымша ақшалай төлем беріледі.
Бұдан бөлек, Алматыда аз қамтылған азаматтарға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Бұл қолдау коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасының белгіленген табыс үлесінен асқан жағдайда тағайындалады.
Жыл басынан бері мұндай көмекті 657 отбасы алған.
