Жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Соңғы 16 жылда елдегі жұмыссыздық деңгейі екі еседен астамға, 13 пайыздан 4,9%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіш бойынша жас Қазақ елі Еуропа одағын (8,2%), Украинаны (9,7%), Қырғызстанды (8%), Бразилияны (12%), Ресейді (5,6%) басып озып, АҚШ пен Ұлыбританиямен иық теңестірерлік дәрежеге жетті.

Қазіргі кезде Қазақстанда, ресми статистикаға сүйенсек, экономикалық белсенді халық санын 8,8 млн адам құрайды. Оның ішінде жұмыспен қамтылған 8,4 млн адамның 2,1 миллионы өзін жұмыспен қамтыған және 296 мыңын өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған саналады. Тарқата түссек, өзін жұмыспен қамтығандарға әдеттерге жеке кәсіпкерлер кіріп, өнімсіз қамтылғандарға тұрақты табысы жоқтар жатады.

Жаңа жұмыспен қамту бағдарламасының алғашқы кезекте бағдарлағаны да осы, соңғы санат. Бірден ескертетіні, мемлекет қомақты қаржы бөліп отырған тың құжатта құрғақ сөз пен бос дақпырттан гөрі, нақты шаралар кешеніне басымдық берілген. Тек 2017 жылы тиісті түйткілдерді тарқатуға 85,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат сомасы адамдардың оқу шығынын жабуға, несиелеуге және де көші-қонға септесуге жұмсалмақ.

Сонымен жұмыс іздеген жанға не ұсынылмақ? Бағдарламада төрт бағытты қамту көзделген.

1. Техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету.

Бұл жерде ешқандай мамандық меңгермеген, білімі мектеп қабырғасынан әрі аспаған адамдарға назар аударылмақ. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері үшін тегін кәсіби және техникалық білім қамтамасыз етілетін болады. Қажетті ережелер қабылданып, ҰБТ-дан өтпеген оқушылардың тізімдері анықталған. 320-ға жуық білім беру ұйымдары мен колледждердің және оқу орталықтарының тізбесі бекітілген. 21 мыңға жуық жас толқын өкілі Бағдарлама есебінен 2,5 жылға, оқуын және шәкіртақысын төлей отырып, сондай-ақ, жол шығынын өтеу, біржолғы ыстық тамақпен қамтамасыз ету арқылы техникалық-кәсіби оқуға жолданады. Оқуын түгескен және жұмысшы мамандығын иеленген жас азаматтарға оқып жатқанның кездің өзінде тұрақты жұмыс табу мүмкіндігі бар. Себебі, елімізде енгізілудегі дуальдық оқу жүйесін ұтымды қолдана алған және өзін үздік қырынан танытқан студенттер үшін тәжірибеде шыңдалған жерінде жұмыста қалып қоюы ғажап емес.

Тағы бір ескерерлік дүние, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар тұрғысында жұмысшы кадрларды кәсіби оқыту басталды. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарға 27,7 мың адам жіберілген. Бұл тұста да өзіне қажет кадрларды даярлауға бейім кәсіпорындар ортақ іске тікелей атсалысады.

2. «Бастау-бизнес» жобасы

Екінші бағыт бизнеспен айналысқысы келетін, дегенмен бастапқы салымды қайдан алатынын білмейтіндер үшін тамаша мүмкіндік. Бұл бағытта жаппай кәсіпкерлікті дамыту мұрат етілген. Біріншіден, кәсібін енді бастағандарға Бағдарлама қатысушыларын кәсіпкерлік дағдыларға оқытуға, бизнес-жобаларын қолдауға арналған «Бастау-бизнес» жобасы іске қосылған. Екіншіден, оқудан өткеннен кейін ауылдық жермен қатар, қалада да шағын несие алуға болады. Шарттары қолжетімді несиенің жоғарғы сомасы 18 млн теңгеге дейін, мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығымен немесе ауылшаруашылығы кооперативін құрумен айналысқан жағдайда 7 жылға дейін айқындалған және де түпкі қарыз алушыға жылдық несие мөлшерлемесі 6%-дан аспайтындай белгіленген. Кепілдендіру тетігі де енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында. Бүгінде кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 7 834 адам қамтылып, жыл басынан 3 мыңнан астам шағын несие берілген.

3. Бос жұмыс орындарына орналастыру

Үшінші бағыт – назардағы бос жұмыс орындарына орналастыру арқылы еңбек нарығын дамыту. Аталмыш бағыт аясында жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған жандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде 213 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып, әлеуметтік жұмыс орындарына 18 мың адам, қоғамдық жұмыстарға 61 мыңға жуық адам жіберілсе, 15 мың жас маман жастар тәжірибесіне жолданған. 120 мыңдай азамат болса, жұмыс берушілердегі бос орындарға Жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрғызылған.

4. Жұмыс бар өңірге қоныс аудару

Төртінші бағытта бүгінге дейін елімізде таңсық болған, алайда Еуропа мен АҚШ аумағында табыстылығын дәлелдеген еңбек ресурстарының ұтқырлығы нысанаға алынған. Қарапайым тілмен тәржімалағанда, жұмыс бар өңірге қоныс аудару.
Мысалға, Америка үшін адамдардың жұмыс іздеп бір штаттан екіншісіне көшуі қалыпты жағдай. Осы орайда ол елде көшкен адамның баспанамен қамтылып, көлік шығындарының жабылуы міндетті емес. Көбінесе жаңа қонысқа орналасқан жандар тұрғын үйден балалары оқитын мектепке дейінгі тұрмыс мәселелерін өздерін шешіп жатады. Қазақстанда болса, азаматтар өзгеше жайтқа бой үйреткенше мемлекет қолтықтан демеп жіберуді жөн санап отыр.

Біріншіден, халқы тығыз орналасқан өңірлер анықталып (елдің оңтүстігі), кадр тапшылығы байқалған облыстар (солтүстік-орталық аймақтар) ахуалы таразыланды. Екіншіден, көші-қон кезінде қаржылай көмек қарастырылып, адамдардың бастапқы бейімделуі мен жол пұлы, жүк тасымалы сынды шығындар жабылады. Үшіншіден, осы мақсатта өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Биыл көшті қабылдайтын өңірлердегі жұмыс берушілердің атсалысуымен Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері шымылдығын түріп үлгерді. Төртіншіден, көшу жайлы шешімді жұмыс іздеуші жан өзі дербес қабылдайды, мәжбүрлеп, міндеттеу жоқ. Қазірде 442 отбасы тұрғылықты жерін ауыстырып, еңбекпен қамтылған.

Осы тұстан қайырсақ, бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы макроэкономикалық нәтижелері де байқалуда. Жұмыссыздық деңгейі 2017 жылдың бірінші тоқсанында 4,9 пайызды құрап, 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,2% аз екенін аңғартты. 15-28 жас аралығындағы жас буынға қатысты жұмыссыздық 0,5%-ға азайса (4,4%-дан 3,9%-ға дейін), әйелдер арасында 0,2%-ға (5,7%-дан 5,5%-ға дейін) төмендеді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар туралы толық ақпарат алу үшін:

Облыс Аты-жөні Қызметі Коды Телефон
Ақмола Дина Ахметжанова басшы 8-716-2-763690 87014144215
Ақтөбе Қайрат Утаров басшы 8-713-2-560043 87057309300
Алматы Зайда Илимжанова басшы 8-728-2-400181 8-701-111-90-96
Алматы қаласы Айгүл Ахметова басшы 8-727-2-617556 8-701-733-34-57
Астан қаласы Ермек Оспанов басшы 557504
Атырау Еркін Шпанов басшы 8-712-2-322665 8-701-445-65-90
ШҚО Елена Старенкова басшы 8-723-2 75-44-77 87014556521
Жамбыл Баубеков Жорабек басшы 8-726-2-457195 8  701 750 12 41
БҚО Хангереев Самат басшы 87112 51-06-00 87774788673
Қарағанды Галлиулин Максим басшы м.а. 87 212 431 707 87017534319
Қостанай Әбенова Гүлнара басшы 8 7142 500-616 87017344225
Қызылорда Мұрат Ергешбаев басшы 87242-270-100 8-701-111-13-69
Маңғыстау Қалмұратова Гүлмира басшы 8-729-2-605256 87015885838
Павлодар Кашкенова Хелуа орынбасар 8 7182 76-40-02 87016786291
СҚО Яковенко Сергей басшы 8-715-2-46-02-21 87773251725
ОҚО Полат Сатжан орынбасар 8-725-2-301036 8 778 463 73 33