Мойын остеохондрозы деген не?

Остеохондроз дегеніміз — омыртқа аралық шеміршектердің, яғни дисктердің, сол жердегі буындардың, сүйектерінің ауруы.

Бұл ауру, көбінесе, жасы 40-50-ден асқан үлкен адамдарда кездеседі. Себебі ағза қартайғанда омыртқа арасындағы дисктер құрғап, иілгіштігін жоғалта бастайды. Отырып жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері мен жастарда мойын және бел остеохондрозы кездеседі.

Невропотолог
Маржан Шеризатқызы, №5 қалалық клиникалық аурухананың невролог дәрігері. Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Аурудың себебі

Артық салмақ, денеге түсетін ауырлық, жарақат, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау — бәрі остеохондрозды тудырады. Себебі ағзада зат алмасу бұзылған кезде де омыртқа аралық дисктердің иілгіштігі азайып, омыртқа сүйектерінің арасы бір-біріне жақындап, жұлын нервтерін қысып қалады. Сол жер ауырады да, ісіп кетеді.

Остеохондроз балаларда өте сирек кездеседі. Тек туу кезінде жарақат алған немесе бұлшық ет корсеті әлсіз балаларда болуы мүмкін. Бірақ жас балалардағы остеохондрозды емдеу оңай.

Невропотолог
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Бір иықты сөмке ұстайтын балаларда да остеохондроз туындау қаупі бар. Себебі салмақ бір иыққа түскендіктен, омыртқа қисайып кетеді. Сол үшін тек екі иықты сөмке асыну керек.

Аурудың алғашқы белгілері

Невропатологке мойын айналасындағы ауырсынуларға шағымданып келетіндер көп. Біз оларды анықтап, нақты диагнозын көрсетіп беруіміз керек. Мойын остеохондрозының ең бірінші симптомы — омыртқадағы ауру. Негізі, ол аурудың себептері көп. Оның нақты сол ауру екенін анықтау үшін рентген, МРТ жасау қажет. Кейде көпшілік оны миозитпен (бұлшық еттің қабынуы) шатастырады.

«Мойын остеохондрозы кезінде миға оттегі жетпей қалуы мүмкін» деген түсінік бар. Бірақ оттегі жетпей қалу мәселесі қан айналым жүйесіне байланысты. Ол бұлшық ет жиырылуынан болуы мүмкін, бірақ бұл — остеохондроздың негізгі емес, жанама белгілері.

Невропотолог
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

«Халық арасында мойынға тұз жиналып қалады» деген де ұғым бар. Мұндай түсінік медицинада жоқ. Ол тек кальцийдің дұрыс сіңбеуінен болады. Бұл да остеохондроз емес. Оны тек невропатолог анықтайды.

Остеохондроз асқынып кетсе, адам мүгедек болуып қалуы мүмкін. Сол себепті оны уақытылы анықтап, нерв талшықтарының қажалуын тоқтату керек.

Емдеу жолдары

Емделу үшін бірінші невропатологке бару қажет. Міндетті түрде! Себебі остеохондроздың бірнеше деңгейі бар: ол енді басталып келе жатуы, қауіпті болуы немесе асқынып кетуі мүмкін. Ал үйде емделген жағдайда оның қай деңгейде екенін анықтау мүмкін емес.

Егер енді басталып келе жатса, бұлшық ет корсетінің әлсіздігінен пайда болса, оны түрлі жаттығулар жасап, жақпа майлар жағып, емдеуге болады.

Ел арасында «Мойын остеохондрозын балмен емдеуге болады» дейді. Дәрігер ретінде мен оны қабылдай алмаймын. Мүмкін, жоғарыда айтқанымдай, бастапқы кезеңінде болып, нерв әлі зақымданбаса, балды қолдануға болатын шығар. Бірақ ондай емдеу тәсілі бізде жоқ. Біз Еуропа стандартына сай дәрі-дәрмектермен емдейміз.

Невропотолог
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Остеохондрозды хиджамамен емдеуге бола ма?

Бұрын оны «қан алдыру» деп атайтын. Ол халық еміне жатады. Мен Тибет медицинасын мойындаймын. Олардың емдеу тәсілін біз түсіне алмаймыз, себебі стандарттары басқа. Қазақстанда Еуропа медицинасының стандарттары қолданылады. Сол себепті мен хиджаманы қолдамаймын да, даттамаймын да. Бірақ қан алдырған соң қан қысымы төмендейді. Ол біреуге көмектессе, біріне керісінше болуы мүмкін.

Медицина нақты ғылым емес. Ол нақты болса, дәрігерлер құдай болып кетер еді.

Барлық адамды бір тәсілмей емдей алмайсыз. Кейбіреулерді тіпті дәрігердің бір ауыз сөзі емдеп жіберуі мүмкін. Бізде «Плацебо эффекті» деген ұғым бар. Ауырып отырған адамға еш дәрілік әсері жоқ затты берсеңіз, ол өздігінен жазылып кетуі мүмкін.

Невропотолог
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Жаттығулар

Мойын остеохондрозы кезінде түрлі жаттығулар жасау керек. Ол үшін емдік дене шынықтырумен айналысқан дұрыс. Ол өте ұзақ процесс болса да, жақсы көмектеседі.

  • Бассейнге бару керек. Адам суда түскенде барлық бұлшық еттері босаңсып, өзінің бастапқы күйіне түседі;
  • Табиғатқа жақын болу керек. Бір уақыт жалаң аяқ жүрген дұрыс. Ол табандағы нүктелерге массаж жасаған сияқты әсер етеді. Ауылда өскен балалар неге сирек ауырады? Себебі олар табиғатқа жақын өскен: табиғи таза тамақ ішеді, жалаң аяқ жүгіреді, таза ауада серуендейді. Ондай балаларда невроз өте сирек кездеседі;
  • Аптасына бір рет тауға барып, жату керек. Сол жерде энергия аласың. «Жер-Ана» деп бекер айтпайды ғой. Қаладан шығып, тау самалын сезінгенде шаршау бірден басылады.
  • Дұрыс тамақтанатын адамда остеохондроз болмайды. Ағзаға керекті кальций, форфор, цинк сияқты пайдалы микроэлементтердің бәрі тамақпен беріледі.
  • «Д» дәрумені жеткілікті болуы керек.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.