Олардың көпшілігі асқынған сәтте қаралады. Ал қан қысымы қалыпты жағдайынан өзгерген жағдайда адамды мүгедектікке, инсульт, инфаркт дерттерінің туындауына әкеп соғады.

Неден пайда болады?

Медицинада қан қысымының қалыпты көрсеткіші ересек адамда 120/80 болуы тиіс. Егер бұдан жоғары не төмен болған жағдайда дәрігерге қаралған дұрыс. Себебі, қалыпты болмаған қан қысымы аурудың екінші, үшінші сатысы болып есептеледі.

Қан қысымының жоғарылауы не төмендеуі тұқым қуалаушылықтан немесе ағзадағы белгілі бір органдардың жұмысының бұзылуынан пайда болады. Мәселен, ми, жү­рек және бүй­рек сияқты маңызды ор­гандардың зақымдануы қан қысымының артуына әкеп соғады.

Қан қысымы
Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Қан қысымының пайда болуына мына жағдайлар әсер етеді:

  • тұқым қуалаушылық, яғни ата-анасында қан қысымы ауруларының болу себептері;
  • аз қимыл жасайтын және семіздік байқалған адамдарда кездесуі;
  • қант ауруымен ауыратын адамдарда жиі кездесуі;
  • тағамдар ішінде холестерин (мал майының) көп қолданылуы, яғни дұрыс тамақтанбау;
  • қою шайды шамадан тыс көп ішу.
  • бүйректің созылмалы аурулары.

Қандай аурулар туындайды?

Жоғары қан қысымы адам ағзасындағы қан айналымының бұзылуынан, жүрек-қан тамырларының тарылуынан болады. Бір орында отыра беретін, көп қозғалмайтын жандарда қан айналымы аз болады да, ішкі температураның қысымы жоғарылайды. Сол себепті көп қозғалысқа түспейтін жандар қан қысымының жоғарылауына жиі тап болады.

Қан қысымының артуы адам ағзасында көптеген аурулардың туындауына себепші болады. Соның ішінде:

  • жүрек ауруы, миокард инфаркты, жүректің әлсіздігі (кенеттен және мезгілден бұрын қайтыс болу қаупі);
  • инсульт (адамның миына қан құйылып, паралич алу қаупі бар);
  • бүйрек жетіспеушілігі (өміріне қауіп тудырады);
  • соқырлықты күшейтіп жібереді;
  • семіздік (қант диабетін күшейтеді);

Қан қысымы жоғарыласа…

Медицинада қан қысымының артуы «гипертония» деп аталады. Гипертонияда денедегі барлық ұсақ артериялар  жіңішкеріп, қан жүретін жол тарылады. Соның нәтижесінде организмнің бір жеріндегі (артериясындағы) қанның екінші — жеріне (венаға) өтуі қиындайды. Сөйтіп, өте алмай іркілген қан тамырды кернейді, оның қуысында қан қысымын арттырады.

Гипертония нерв жүйесінің әрекеті бұзылған жандарда жиі кездеседі. Зерттеу нәтижесіне қарағанда ой еңбегімен шұғылданатын мамандық иелерінде қан қысымы жиі артып отырады. Өйткені, бұл категориядағы адамдар міндетті жұмысын атқару үшін көп ойланып үнемі өздерін сергек ұстайды, түрлі жұмбақты шешуге, тапқырлыққа тырысады. Мұндай ұзаққа созылған ойлану миға күш түсіреді. Шаршап шалдыққан нерв жүйесінің әрекеті бұзылып, бұл қан қысымын арттырады.

Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Қан қысымы бүйрек қабынғанда (нефрит) және бүйрек безі (надпочечник) мен қалқан безі (щитовидная железа), мидың қосалқы безі (гипофиз) секілді ішкі секреция бездерінің ауруынан да артып отырады. Яғни, қан қысымы артса, аталмыш ағзалардың ауыратын белгісі деп есептеледі.

Қан қысымы төмендесе…

Қан қысымының төмендеуін медицинада «гипотония» деп атайды. Қан қысымының төмендеу белгілері біртіндеп дамуы да, аяқасты ұстама түрінде білінуі де мүмкін.

Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Гипотониямен ауыратын науқаста бастың ауруы, тез шаршағыштық, бастың айналуы, кейде көңіл-күйдің төмендігі, ашушаңдык жиі байқалады. Кейбір ауыр жағдайларда талып қалуы мүмкін.

Қан қысымының төмендеуіне жүрек-қан тамыр жүйесінің сырқаттары, асқазан-ішек жолы аурулары әсер етеді.

Негізгі белгілері қандай?

Адамда қан қысымы тұрақсыз болған жағдайда оның тікелей белгісі болмайды. Шаршау, құлықсыздық, бас айналу — қан қысымының қалыптан тыс артқанын не төмендегенін көрсетеді.

Негізінен қан қысымы тұрақсыз науқастарда мына белгілер кездеседі:

  • Кеуде тұсының жаншылып ауруы;
  • Алқынудың жиілеуі;
  • Бас айналу, жүрек айнуы, құсу, сөйлеу және аяқ-қолдың қозғалысының бұзылуы;
  • Көрудің бұзылуы , көзге екеу болып көріну.
Кардиолог
Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Қан қысымы кенеттен кө­те­ріліп, құлап қалған адам­ға жанында­ғылар шұғыл жәрдем көрсетуі тиіс. Дәрігерлер келгенше нау­қасты қозғамай, жайлы, салқын жерге жатқызады. Сондай-ақ, қан қысымын қалпына түсіретін дәрі-дәрмектер беру керек. Бұдан соң науқастың басын сәл жоғары көтеріп, маңдайына сулық мата басып, тыныштандырған дұрыс.

Алдын алу үшін:

Біздің еліміздегі қан қысымымен ауыратын адамдардың басты қателігі — дұрыс тамақтанбау. Бұдан бөлек шай, кофе сусындарын аз ішу керек. Сондай-ақ, стресске түсіп, қатты ашуланған адамның да қан тамырлары бірден жарылып кетеді. Қан қысымы ауруының алдын алу үшін мына жағдайларды сақтаған дұрыс.

  • қан қысымыңызды үнемі тексертіп немесе өзіңіз тексеріп тұрыңыз;
  • артық дене салмағынан арылыңыз, семіздікке жол бермеңіз;
  • жүйелі түрде дене жаттығуын жасауды әдет қылыңыз;
  • жемістер, көкөністер, тұтас дәнді азықтар мен майлы емес сүт өнімдерін қолданыңыз;
  • ішімдікті ішпеңіз және шылым шекпеңіз;
  • егер ата-анаңызда және жақын туыстарыңызда жоғары қан қысымы, жүрек ауруы болса, жүйелі түрде тексерілістен өтіп тұрыңыз.

Дәрігер белгілеген дәрілерді уақытылы, қысым түскеннің өзінде де тұрақты түрде ішу керек. Сонда ғана аурудың қауіпті түрінен сақтануға болады.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.