Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

БЖЗҚ 20 жастағы азаматтың зейнетақы жинағына қатысты түсініктеме берді

Фото: БЖЗҚ

Не болды?

Қазақстанда зейнетақы жинағының төменгі жеткілікті шегін (ТЖШ) есептеу әдістемесі өзгеріп, көрсеткіш барлық жас санаты бойынша өсті. Соның ішінде 20 жастағы азамат үшін ең төменгі шек 3,72 миллион теңгеден 6,67 миллион теңгеге дейін көтерілді. БЖЗҚ зейнетақы жинағына қатысты түсініктеме беріп, жаңа өзгерісті түсіндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

БЖЗҚ-ның түсіндіруіне қарағанда, жастар үшін көрсеткіштің жоғарылауы олардың еңбек жолының басында аударылған жарнаның инвестиция мақсатында табыс әкелуінде. Демек баспанаға немесе емделу мақсатында зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін азаматтың шотында кемінде 6,67 миллион теңге қалуға тиіс.

Еңбек жолының басында аударылған зейнетақы жарнасы зейнет жасына дейін инвестицияланып, күрделі пайыздың арқасында ең жоғары табыс әкеледі. Сондықтан жинақты ерте жаста алу болашақта зейнетақы мөлшеріне әсер етуі мүмкін, – деп түсіндірді қор өкілдері.

БЖЗҚ мәліметінше, жаңа әдістеме азаматтың қазіргі табысына немесе болашақта қанша жарна аударатынына негізделмейді. Есептеу кезінде басты назар азаматтың жинаған қаражаты бойынша болашақта тиісті зейнетақысын алуына аударылады.

Шоттағы 6 миллион теңгеден асқан қаражат инвестиция табысы есебінен болашақта ең төмен зейнетақы стандартына сәйкес төлем алуға мүмкіндік береді. Бұл тіпті азамат кейін мүлде жарна аудармаса да есепке алынады.

БЖЗҚ мамандары мұны зейнетақы аннуитетімен салыстырады. Өмір бойы төлемдерді қамтамасыз ететін аннуитеттің құны салымшының жасына немесе табысына байланысты төмендемейді. Демек жеткілікті шек те болашақта қажет зейнетақы төлемін қамтамасыз ету үшін есептелген деңгейден төмен бола алмайды.

Контекст

Қазақстандағы зейнетақы алу тәртібіне қатысты өзгерісті мына жерден оқи аласыз.

Мақалаға реакция