Түйіндеме толтыруда жиі жіберілетін қателіктер

Түйіндеме – компанияға өз түйіндемелерін жіберген көптеген үміткерлерден сізді ерекшелеп тұратын жарнамалық парақша. Жұмыс берушіні сіздің түйіндемеңіз әлеуеті жоғары қызметкер ретінде қызықтыру қажет. Түйіндеменің ерекшелігі – үміткердің білімі және кәсіби шеберлігі туралы мәліметтердің кері хронологиялық тәртіпте берілуі.

Жақсы қызметке орналасу үшін білім мен кәсіби біліктіліктен бөлек алдымен сауатты түрде құрастырылған түйіндеме керек. Дұрыс құрастырылған түйіндеме сізге қалаған қызметке шақырту алуға жол ашады. Түйіндеме құрастырудың өз талабы, өз құрылымы бар. Сондықтан оған аса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарағаныңыз жөн.

Түйіндеме жазуда қандай қағидаларды ұстану керек?

  1. Сауатты жазу. Сауатты жазылған түйіндеме сізге деген оң көзқарас қалыптастырады. Жіберілген қате, жаңсақ басылып кету немесе заманауи сөздер қолдансаңыз мұндай аспектілер түйіндемеңіздің мәнін кетіреді. Егер құжатта өте көп қате кетсе, басқасына көңіл аудармайды, яғни сіздің құжатыңыз қаралмайды. Сондықтан да мұқият болыңыз;
  2. Бос орынға сәйкестендіріп толтыру. Сіз түйіндемеңізде компанияда нақты немен айналысқыңыз келетінін сәйкестендіріп жазыңыз. Қажетсіз графалар толтыру арқылы жұмыс берушіні шатастырып, керексіз сұрақтар тудыруыңыз мүмкін. Сондықтан нақты қандай мамандық иесі екеніңізді көрсеткеніңіз жөн;
  3. Түйіндеменің рәсімделуіне де аса мән беріңіз. Толтырған кезде оны түрлі-түсті шрифтпен жазуға, гүл, ою секілді бейнеленген сурет салуға, оны қоршауға ұмтылмаңыз. Түйіндеме толтырған кезде Times New Roman, Helvetica, Arial шрифтерін пайдаланып, бір қалыпты көлемді сақтаңыз;
  4. Түйіндеме көлемі. Жарты бет тым аз. 3 бет тым көп. Түйіндемеңіздің көлемі 1-2 беттен аспау керек.  Әйтпесеоны толық оқымауы да мүмкін. Берілетін барлық ақпарат қысқаша бетте жүйеленуі тиіс;
  5. Түйіндеменің құрылымы түсінікті әрі қарапайым болу қажет. Түйіндемені ұзақ, түсініксіз сөздер мен шектен тыс арнайы терминдерді қолданбай, қарапайым түсінікті тілмен жазған дұрыс. Грамматикалық қатесіз, әдеби тілмен жазылуы тиіс. Сондай-ақ, түйіндемеде жағымды ақпараттар ғана болғаны жөн. Түйіндеме жұмыс беруші үшін сіздің өміріңіздегі жетістіктеріңіздің көрсеткіші;
  6. Шетелдік компанияға түйіндеме жазсаңыз, сол компанияның негізгі тілі болып табылатын тілде жазғаныңыз дұрыс. Сондай-ақ, орыс тілді басшы болса, орыс тілінде жазғаныңыз жөн. Яғни, сіздің мақсатыңыз – түйіндемені оқыған адамға сіз туралы мәліметтің толық жетуі;
  7. Қосымша ақпарат. Бұл бөлімде компьютер, шет тілдерін меңгеретініңізді, жүргізуші куәлігі бар екенін, жеке қасиеттерініңізді, ерекшеліктеріңізді көрсетіңіз. Еңбек өтілі болмаған жағдайда, үйренуге, оқып-білуге дайын екеніңізді көрсету маңызды. Сонымен қатар, өз қызығушылығыңыз бен хоббиіңізді көрсетіңіз. Қызығушылыққа суретке түсу, компьютер ойнау, ғаламторды пайдалану деп жазу үлкен қателік. Орнына кітап оқу, психология, саяхат деп жазған дұрысырақ;
  8. Кейбір мекемелер түйіндемемен қоса, фотосурет жіберуді талап етеді. Ол кезде 3х4 көлемдегі суретіңізді жіберіңіз. Көпшілікпен, гүл ұстап, басқа жаққа қарап тұрған, дәмханада немесе көзілдірік киіп түсірілген суреттерді жіберуге болмайды.

Түйіндеме жазуда жиі кездесетін қателіктер:

  • Грамматикалық қате жіберу;
  • Қысқа ғана мағлұмат жазу;
  • Мәтіннің көп болуы;
  • Хронология тәртібін ауыстырып жазу;
  • Қажетсіз ақпарат жазу;
  • Артық суреттер қосу.

Егер сіз бухгалтер болып жұмысқа тұрғыңыз келсе, оған дейін басқа салада жұмыс істеген болсаңыз, ол жайында сөз қозғамаңыз. Аспаз болам десеңіз, заңгер немесе би, ән секілді курстарға қатысқаныңыз маңызды емес. Программист болғыңыз келсе, гуманитарлық салада жұмыс жасағаныңыз туралы жазылмаған дұрыс.

Жұмыс беруші нақты бос орынға сай маман іздейді. Алғаш әңгімелесу барысында сол саладан бөлек тақырыпта сөз қозғаудың керегі жоқ. Сіз өзіңізді барынша сол орынға лайықты екеніңізді дәлелдеу үшін бірнеше факторлар келтіріңіз.

Ал егер түйіндеме жазу барысында қандай да бір жетістіктеріңіз туралы жазу не жазбау керектігін білмесеңіз, онда жазып көрсеткеніңіз дұрыс. Себебі сіздің түйіндемеңіз қызықты жазылған болса, жұмыс берушінің әңгімелесуге шақыруына мүмкіндік туады. Ал қойылған сұрақтарға қалай жауап беретініңіз сіздің біліміңізге байланысты.

Түйіндемедегі ең маңызды ақпараттар:

  • Тегі;
  • Аты;
  • E-mail (электронды почтасы);
  • Тұрғылықты қаласы;
  • Нақты мекен-жайы индексімен (бұл жерде қаланың атымен шектелсе болады);
  • Туған күні (жасын ғана көрсетсе жеткілікті);
  • Екі байланыс телефоны (бір нөмірініз істен шығып жатса да, екіншісіне хабарласа алатындай мүмкіндік болғаны дұрыс);
  • Отбасылық жағдайы: үйленген (тұрмыс құрмаған) /Отбасылы (емес);
  • Білімі (қайда оқыдыңыз, қай мамандықты бітірдіңіз);
  • Қосымша жетістіктеріңіз (мектеп кезінде алған мақтау қағаздарыңыз, олимпиада жетістіктері т.с.с. бағытта жазылған жетістіктерді жазудың еш қажеті жоқ).