Ресейлік шенеуніктер жуырда Алматыға келіп, жүк тасымалдаушыларға қойылатын жаңа талаптармен таныстырып кетті. Енді 15 сәуірден бастап ауыр жүк таситын көліктер Ресей аумағына өту үшін Ортақ көліктік жүйеге тіркелуі тиіс. Ал, кәсіпкерлер болса мұның соңы тағы да үлкен проблемаға алып келетінін айтуда. Бұған дейін жүргізушілер ақылы маршртуттық картаны сатып алатын. Оның жарамдылық мерзімі — 1 ай. Енді бұл мерзім небәрі 7 күнді құрайтын болады. Яғни, Ресей аумағынан 1 аптада шығып үлгермесе жүк тасымалдаушылар жол ақысы үшін тағы да ақы төлеуі тиіс. 1 шақырым жолдың құны — 6 теңге.
«Маршруттық картаны тек жүйеге тіркелген жүргізушілер ғана сатып ала алады. Бұл біз үшін неліктен тиімсіз? Айтайын, мәселен Қазақстан азаматы Ресейге барып жүк көлігін сатып алды. Ол жақта аталған жүйеге тіркеле алмайды. Сонда Ресей территориясына қалай кірмек? Қазақстанға жетемін дегенше қаншама шығын кетеді емес пе?», — дейді Қазақстандық халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының бөлім менеджері Наталья Сербаева.
Ал, жеке тасымалдаушылар болса өткен жылдың қараша айында Ресейде енгізілген ақылы жол жүру ережесіне алаңдаулы. Өйткені, қазақстандық жүргізушілер орта есеппен Ресейдің 2,5 мың шақырым жолын жүріп өтеді екен. Бұл дегеніңіз, бір жылда 380 миллион теңге. Екі елдің арасында тасымалдаушыларды ақы төлеуден босату туралы келісім болса да РФ бұл шартты орындап отырған жоқ.
Ал, егер жүк көлігінің жүргізушісі жол ақысын төлемесе оған айыппұл салынып, көлігі бірнеше күн бекетте тұрып қалады. Айыппұл құны — 5000 рубль. Егер, екінші рет қайта салынса 10 мың рубльді құрайды.