Шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды

Айтулы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 800 спортшы қатысады.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне шахмат Федерациясының, Қазақстан-Британ техникалық университетінің, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері және шахматтан Әлем чемпионы Жансая Әбдумәлік қатысып, құттықтауларын жеткізді.

— Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын! Мен алғаш рет ел біріншілігіне 2007 жылы қатысып, жеңген болатынмын. Сондықтан айтарым, сіздер бірінші рет қатысып жатсаңыздар жеңуге барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Айта кетер жайт, соңғы чемпионат сол жылы өткен болатын. Қатысушыларға сәттілік, ал ата-аналарға шыдамдылық тілеймін, — деп тілек білдірді Жансая Әбдумәлік.

Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңнен тұрады. Чемпионатты өткізу форматы рапид пен блиц арқылы, қатысушылар санына байланысты төрешілер қауымының шешімімен анықталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаңтардың 16 күні белгілі болады.

— Әр аудан төрт ресми ойыншыны, жеті жастық санатта тіркей алады. Сонда әр ауданнан 56 спортшыдан. Ал ел чемпионаттары, Әлем және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері жеке қатыса алады. Жарыстың жүлде қоры 1 800 000 теңгені құрайды. Біз осы турнирді өткізу үшін сайысқа қатысып, 2017 жылы оны жеңдік. Қатысушылар саны бойынша осы чемпионатта рекорд қойылды. Көптеген сұраныстар бойынша соңғы айда барлық қалаушыларға қатысуға рұқсат бердік. Осы жарыс олардың естен кетпес турниріне айналатынына сенімдімін, – деп бөлісті Жансая Әбдумәлік академиясының президенті және Жансая Әбдумәліктің әкесі Данияр Аширов.

Жарыс ұйымдастырушылары – шахматтан Қазастан Федерациясы, Алматы қаласының әкімдігі және Жансая Әбдумәлік академиясы. Ел біріншілігінің бас демеушісі – Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.