Үшқоңырда аламан бәйгенің аламандары анықталды

Дүбірлі думанды қазақтың біртуар жігіттері мен ұлтжанды азаматтары ұйымдастырды. 5000-ға жуық көрермен жиналған айтулы аламанға 5 автокөлік (Toyota Hilux, Hyundai accent, 3 Lada Priora), 15-тен астам бағалы сыйлықтар тігілді. Одан өзге бірнеше қазақ үй бой көтеріп, ас та берілді.

Ұлттық ат спорты түрінен өткізілген дүбірлі жарысты Жамбыл облысынан келген қажы Бектай Аманбек ашып, жиналған қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. Сонымен қатар ата дәстүрімізді насихаттап, дамытуға үлес қосып жүрген жандарға ризашылығын білдірді.

Барлығы 100-ге жуық сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан, топ, аламан бәйге болып төрт топқа бөлініп өткізілді. Дүбiрлi жарыстың тiзбесiне жанкүйер қауымның делебесі есіп, жарыстың көркін аша түсті. Ал аламан бәйгенің әділ бағасын: Ертілеу Сатыбалды, Нұрым Қырғызбай, Жанатбек Тәукебаев, Ерік Аманқұлов, Ринат Ибрагимов, Дидар Ноғайбек, Мырзабай Ардақ есімді Ұлттық дәрежедегі төрешілер берді.

Жарыс тай бәйгеден басталды. Ауыздықтарымен алысқан аттар тұяқтарымен дүбірлетіп 2 шақырым қашықтыққа жүгірді. Сәйгүліктердің ішінен «Айсұлу» деген Ұлан Омаровтың аты жүйріктігін танытып бірінші келсе, Руслан Досжановтың «Айқыз» атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі үшінші, төртінші, бесінші орынды Сәбит Абиевтің «Айқасқа», Ахаттың «Жұлдыз», Әмір Үсербаевтың «Шұғала» тұлпарлары иеленді.

Одан кейін 6 шақырымдық құнан бәйге жарысы басталды. Құнан бәйгеде «Арафат» атты Үшқоңырдың сәйгүлігі топ жарса, Алматы қаласының «Таусамал» сәйгүлігі деген екінші болып келді. Ал жүлделі үшінші орынды Үшқоңырдың «Санхалия» тұлпары иеленді.

Топ жарыс 14 шақырымнан тұрды. Топ бәйгені «Арсенал» атты Жанқойлықтар әулетінің сәйгүлігі жарса, Көкбастаудың «Алатау» деген торы қасқасы екінші болып келді. Ал жүлделі үшінші, төртінші, бесінші

орынды Талғат Дауесовтың «Айгүл», Нариманның «Гауһартас», Алинұр Назарбаевтың «Бесмойнақ» тұлпарлары иеленді.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, нағыз тұлпардың анықталатыны 20 шақырымдық аламан бәйгесі. Жарыстың шарықтау шегі де, жұрттың асыға күтетіні де осы. Жұрттың бәрін елең еткізген “Аламан бәйгенің” басты жүлдесіне «Toyota Hilux» автокөлігі тігілсе, қалғандарына бағалы сыйлықтар берілді. Аттың басын жібергенде … шабандоз қара жолдың бойымен үзеңгілес кеткен еді. Екі-үш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, тағы екі-үш айналымнан кейін аттардың біразы жолдан шығып та қалды. Сонымен бұл жарыста бас жүлде Қарасайдан «Бүркіт» атты аттың иесіне бұйырса, екінші орын «Ақниет» Алматы қаласының сәйгүлігіне, жүлделі үшінші орын Бақытбек Айбектің «Апорт» тұлпарына иеленді.

Шындығында, биылғы жылы жер-ананы жібітіп, табиғатты түлетіп келетін Әз-Наурыз Үшқоңыр өлкесінде ерекше салтанатпен тойланды. Ат жарысы десе, ішер асын жерге қоятын жанкүйерлер үшін дүбірлі, аламан бәйге болды. Ал біз, өз кезегімізде Ұлыстың Ұлы Күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, мерекелі тірлік, берекелі бірлік жасай берсін демекпіз!!!

Ақбота Ерболқызы