Басты бет / Жаңалықтар /
Рухани жаңғыру

Рухани жаңғыру тақырыптарының аясы

Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Қазақ – ұлттық рухқа ерекше мән беретін халық. Ол – халықтың ұзақ өмірінде қалыптасып, сұрыпталған жақсы қасиеттердің тұтас бітімі, көзқарасы, түсінігі, шындықты тану өрнегі. Қазақ халқы жан санының аздығына қарамастан, Евразияның дәл ортасында ұлан-байтақ жерді мекендеген. Кең даланы мекендеген қазағың жауласса – найзагер батыр, дауласса сөз құралын семсер еткен жеңілмейтін шешен болған. Бұл – ата-баба рухының биіктігінің айғағы. Рух – қазақ этносының идеологиялық негізі болып табылады. «Этнос ұғымы – халықтың этникалық табиғаты туралы сөз болғанда қолданылады… Халық пен этнос бір мәнде айтылады… Контексте бірде халық, бірде этнос қолданылады «Этнос – халықтың этникалық сипаттамасы. Халық – этностың субстанциясы. Халық ауқымды ұғым» (Ғ. Есім, сенатор, академик). Белгілі орыс ғалымы Лев Гумилев өз кезегінде кез келген ұлттың күштілігі оның санының көптігінде емес, өзінің артындағы ұрпағына сақтап, қалдыратын және бүкіл әлемге танытатын рухани мәдениетінде деген болатын. Сол себепті де жастарымызды рухани қасиеттерді биік ұстауға, бабалар рухын әлсіретпеуге, оларды көздің қарашығындай сақтауға, ұлттық рухты қастерлеуге тәрбиелеу – көкейкесті мәселелердің бірі.

Президент Н. Назарбаевтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті студенттері алдында оқыған дәрісіндегі негізгі түйін – интеллектуалдықты дамыту. Бұл мәселеде «Интеллектуалды ұлт – 2020» Бағдарламасы қабылданғаны да мәлім. Соған байланысты білім мен ғылымға, оқуға көп маңыз беріледі. Әрине, ол дұрыс. Дейтұрғанмен, ұлттық рухсыз бұл мәселенің шешілуі оңай еместігін ескерген жөн.

Екімыңжылдық тоғысында бұрын – соңды болмаған соны құбылыстар бой көрсетті. Бір жағынан, күллі дүние жалпыға ортақ мекенде, аражік, шекара қойып болмас алапат тұтастыққа айналады. Екінші жағынан, әрбір ел дербестікке ұмтылып, өзіндік болмысын өзгелерге таптата қойғысы келмейтінін анық байқатты. Бұл – алдағы ғасырдың бізге тосар ең маңызды, бәлкім, тіпті ең басты сынағы болмақшы. Бұған дейінгі қол жеткізе алғандарымыз бұдан кейінгі қол жеткізбегімізге таяныш-тірек бола алса ғана, Аллаға шүкір дер едік.

Тарихи әдебиетте евроцентристер түркі-моңғол көшпенділерінің, соның ішінде қазақтардың рөлін толық жоққа шығарды. Сондықтан қазіргі жастар бұрмаланған бұралаң соқпақтан тарихи өз жолын іздеуге мәжбүр болмақ. Отаршылдық психологиясы-боданшылық, бейшарашылдық қазақ  ұлтының санасына ендеп, бойлап сіңді. Ф. Щербина деген қазақтардың он үш түрлі мінін жазады: өтірікшілік, жайбарақаттық, арызқойлық, жала жабушылық, айлакерлік, мақтаншақтық, мылжыңдық, нәпсіқұмарлық, атаққұмарлық, намыссыздық, жалған адалдық, жалған батырлық. Евроцентристердің жазып және тарихқа қалдырғанындай, қазақтар бұратана (туземец), қашақ (беглец), кезбе (скиталец), қаңғыбас (бродяга) емес. Шоқан Уәлиханов айтқандай, қазақ – даланың рыцары-серісі, сайын даланың иесі-айбынды да айдынды халық. Қазақтар Евразия тарихында ұлы істерге ұйтқы болған. Аумақты жері бар, аруақ қолдаған, Қыдыр дарыған елі бар, айбынды халқы бар, айдынды салты бар, ұлы ісі, аталы сөзі бар, ата-баба орнатқан данқы бар Қазақ ұлты-құрама емес, тілі, діні, ділі, тарихи бірлестігі арқылы түбі бір, түбірі бір Азия сахарасындағы іргелі этнос. Осыған сай зиялылары да болған.

Салыстыру әдісіне сүйене отырып, орыс елі мен қазақ елінің бұған дейінгі ұрпақтарының сапына көз жіберіп көрейік. Орыс өзінің мемлекеттігін Киев Русінен бастаса, қазақ та ертедегі мемлекеттік – Түрік қағанатынан бастау алды. Орыстың Илья, Олег Мстислав сияқты алып батырлары болса, қазақтың отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын Алпамысы, қорқуды білмейтін Қобыландысы, көріпкел, әрі айлакер Едіге олардан кем соға ма? Орыс мемлекетін біріктіріп, әлемге танытқан Грозныйы мен бірінші Петрінен қазақтың атақты Әз Жәнібегі, «Қасқа жолды» Қасымханы, «Ескі жолды» Еңсегей бойлы ер Есім ханы, Әз Тәукесі мен асыл Абылайханы қалай кем болады? Жоңғарлар қазақты жер бетінен тып-типыл етіп құртып жіберуге бет алғанда, Аңырақайда жасанған жауды талқандаған дана қолбасшысы Әбілқайыр хан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, францияны жеңген Суворов пен Кутузовдарға тең келмей ме? Орыстар Ломоносовын, Менделеевін айтып мақтаныш етсе, қазақ топырағы көне тарихында әлемде екінші ұстаз атанған Әбунасыр әл-Фараби, екінші Мұхаммед атанған Ғазірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауи, екінші Геродот атанған Жүсіп Баласағұни, Хайдари Дулатилар, этнограф-географ Шоқан Уәлиханов, Менделеев кестесіндегі барлық элементтерді тапқан, одан да асырып жіберген Қаныш Сәтбаев қазақ перзенттері емес пе? Батыстың Ньютоны, Копернигі, Галилейі, Пифагорі біздің ғұламалардан үйренгенін қазір тарих айқындатып отыр.

Дала философтары шашасына шаң жұқпайтын жүйріктер болды. Адам өлмейтін жерді іздеп сапар шеккен Қорқыт ата, жерұйықты іздеп зар қаққан көріпкел абыз Асан қайғы қай елде бар екен?

Ұлттық сана мен тілінің, рухы мен арман-мұратының ұшан-теңіз екенін көрсете білген, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып, елінің бірлігін сақтап қалған мәмілегерлер, арыстан жүректі ерлер, мемлекет қайраткерлері үш жүзді аузына қаратқан тура сөзді Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, айыр тілді Әйтеке билер ескі шешендер Цицерон, Демосфен, Квинтилиандардан асып түспесе, кем емес. Міне бұлар тұнып тұрған терең ойдың өкілдері емес пе?

Көркем сөз өнерінің алыптары А. С. Пушкин, Лев Толстойға тең түсетін Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовіміз бар емес пе? Тіпті сөз байлығы жөнінен Пушкинен Әуезов асып түсті емес пе? Күй атасы Құрманғазы Орыстың ұлттық музыкасының негізін қалаған М. М. Глинкаға тең түседі.

Бұлардың барлығы – қазақ халқының әлемдік деңгейде ұсына алатын рухани дүниелер. Елбасының уақтылы жарияланған мақаласы аясында бұлардың барлығын жаңа қырынан көрсету мүмкіндігін жіберіп алмайық.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram

Мақалаға пікір қосыңыз