Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Баяғы жартас – сол жартас». Тоқаев Қонаевтағы құрылыс қарқынын сынға алды

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға бергенімен, Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Президенттің айтуынша, өңірдің даму қарқыны жаман емес. Өткен жылы облыстың өңірлік жалпы өнімі 6,7 триллион теңгеге жетіп, 5,4% өскен.

Қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ 5-орында тұр. Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жетті, – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды.

Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр. Биылғы төрт айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2% болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әсіресе Қонаев қаласының дамуына қатысты мәселені көтерді.

Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде, – деді мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, облыс орталығында әлеуметтік және әкімшілік нысандардың құрылысы жеделдетілуі қажет.

Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет, – деп тапсырма берді президент.

Кеңес барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және экономиканы әртараптандыру мәселелері де талқыланды.