Алматыда түсірілген Үнді фильмі прокатқа шығады

Аталған кинотуынды Хуши Девани атты үнді қызының тағдыры туралы баяндайды. Сүйіп қосылған күйеуінен қорлық көрген ол, Алматыға келіп, жұмысқа орналасып, биіктерден көрінеді.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Болливудтың «Khushi Motion Pictures» атты компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойған болатын. Бірлескен өндіріс жөніндегі келісім бойынша, екі жақ «Love you family» толықметражды көркем фильмінің дистрибуциясы саласында қызмет етуге міндеттелген.

«Фильмнің Үндістандағы прокаты табысты болды. Қазақстанда ешқашан болмаған біздің көрермендер үшін Алматы қаласының әдемі көріністерін тамашалау қызықты болды. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігіне және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сенім білдіріп, қолдағандары үшін алғыс айтамыз. Сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясына түсірілім кезінде кәсіби деңгейде көмек көрсеткендеріне алғысымыз шексіз. Бірлесіп түсірген туындымыздың сәтті шыққанына қуаныштымын. Менің білуімше, Қазақстанда үнді фильмдерін сүйіп тамашалайтын көрермендер көп, сондықтан да бұл фильм қазақстандықтардың көңілінен шығады деп ойлаймын», — деді фильмнің продюсері Випул Девани.

Үнді режиссері Сачиндр Шарм түсірген «Туған үйім — тірегім» фильмінің түсіру жұмыстары Үндістанда және Тайландта өтті. Картинаның негізгі қойылымдары Қазақстанда, айта кетсек, Алматы қаласының көрікті жерлерінде түсірілді (Республика алаңы, «Арбат», Шымбұлақ және Көк-Төбе).

Фильмге үндінің танымал актерлері — Пардасани Акша Сунил, Джоши Маной Наванет, Салман Юсуф Кхан, Шакти Капур, Навни Парихар түскен. Бұл картинада қазақстандық танымал актер Фархат Абдрайымов та бой көрсетеді.

«Қазақфильм» киностудиясында қазақ тіліне дубляждалған (орыс тілінде субтитрлары бар) «Туған үйім — тірегім» атты үнді мелодрамасы еліміздің кинотеатрларынан 14 желтоқсаннан бастап көрсетілетін болады.

Дереккөзbaq.kz