Алматының Алатау ауданындағы Айнамалы көшесінде су құбыры мен кәріз жүйесінің тарату желілерін салу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
AlmatyJoly Telegram-арнасының мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары Теректі шағынауданы аумағында жүргізіліп жатыр.
Жобаа Айнамалы көшесінің Мартөк көшесінен Орталық көшесіне дейінгі бөлігінде инженерлік инфрақұрылым жаңартылады. Осыған байланысты 2026 жылғы 3 маусым мен 3 шілде аралығында аталған учаскеде автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі, — делінген хабарламада.

Қала билігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістерді ескеруді сұрады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жөндеу аумағында уақытша жол белгілері, бағыттағыштар және қоршаулар орнатылады.
Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстар ауданның инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындарды сапалы сумен қамту мен кәріз жүйесінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
