Еліміздің барлық спорт мектептеріне жаңа бозкілемдер беріледі

Жуырда ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаев пен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен Қазақстанның барлық аймақтарындағы спорт мектептерін арнайы кілемдермен жабдықтау ісі қолға алынды.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Федерацияның есебі бойынша алдағы уақытта даму жағынан артта қалып жатқан аймақтарға 150-ден аса кілем үлестіру жоспарда бар. Соның 43-і қазірдің өзінде өз иелерін тапты.

Нақтырақ айтқанда, бүгінде Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев (Қарағанды облысы) қалаларында және Теректі (БҚО), Сырым (Атырау облысы), Мамлют (СҚО) аудандарындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне арнайы кілем төсеніштері жеткізілді.

Алдағы уақытта Федерация басшылары еліміздің басқа да аймақтарына қол ұшын созып, жас балуандардың алаңсыз жаттығу жасауына жағдай жасамақ.

«Күрес — еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Сондықтан қазіргі таңда Астана мен Алматы қалаларына және барлық 14 облысқа қарасты спорт мектептеріне тегін кілемдер үлестіріп, күрестің дамуына үлесімізді қосудамыз. Мұндай бастама Күрес федерациясы мен Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен жүзеге асып жатыр», — деді ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы Анатолий Волоха.

Ал грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, Федерацияның жүргізіп жатқан мұндай іс-шарасы еліміздегі күрестің дамуына оң ықпалын тигізеді.

«ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының мұндай бастама көтеріп, аймақтардағы күрестің дамуына оң ықпал жасап жатқанына қуаныштымын. Бәріміз де ауылда өстік. Болашақ чемпиондардың бәрі ауылдан шыққан. Сондықтан Федерация басшыларының шалғайдағы ауыл-аудандарға көмек қолын созып, спорт мектептерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп жатқаны өте дұрыс», — деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Еске салайық, қазіргі таңда Қазақстанда 130 мыңға жуық адам тұрақты түрде күрес түрлерімен айналысуда.