Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін қызметтерге қолжетімділік пен сапасын арттыру, уақытты үнемдеу, әрі жеңілдету мақсатында еңгізіліп жатқан жаңа мүмкіндіктердің саны жыл санап артуда.
Осы уақытқа дейін электрондық үкімет порталы арқылы тек уақытша тіркеуге тұру мүмкіндігі болғандығын айтқан ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон департаменті бастығының орынбасары Галина Сәрсенова:
— Өздеріңіз білетіндей 2017 жылдың 17 қаңтарында біз электрондық үкімет порталына уақытша тіркеуге алатын жүйені қосқан болатынбыз. Ал келесі жылдан бастап тұрақты тіркеуге тұруғызу мүмкіндігін қосамыз. Екі процедураның бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Тек уақыттары ғана өзгеше. Егер тұрақты тіркеуге тұрғанда біз тек датасын көрсететін болсақ, уақытша тіркеуде тіркеу мерзімін белгілейміз, — деді.
Яғни келесі жылдан бастап мекен-жай құжаттың чипіне енгізілмейді. Электрондық үкімет порталы арқылы жүргізілетін тіркеу үшін үй иесінің электрондық сандық қолтаңбасы болса болды.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесін жеңілдету және жеделтеду мақсатында ұйымдастырылып жатқан бұл шараны ҚР ІІД «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының көмегімен жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында портал арқылы тіркеуден шығаруға да болатын тетік іске қосылады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ҚР Ішкі істер, Әділет, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің ақпараттық жүйесін біріктіру негізінде «Электрондық үй кітапшасы» әзірленді. Ол әрбір елді мекен бойынша халықтың көшіп-қонуына мониторинг жүргізуді жақсартады, үйдің иесіне оның меншігінде тұрған адамдар туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, 2017 жылдың қаңтар-қазан айларында азаматтарға 19 млн 742 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның негізгі бөлігі мекен-жай туралы анықтамалық құжат, автотранспортты тіркеу, халықты құжаттандыру мен азаматтарды уақытша және тұрақты түрде тұрғылықты жері бойынша тіркеуге алу бойынша құжаттарды құрайды. Жыл басынан бері тұрғылықты мекен-жай мен уақытша тіркеуге 2,9 млн адам тұрған. Бұл көрсеткіш 2016 жылы тіркеуден өткен 1,4 млн адамнан екі жарым есе көп.
Ал қараша айының 25 күнінің ішінде 138 мың адам тіркеуге тұрған, оның ішінде 115 мың адам – тұрақты тіркеуге және 23 мың адам уақытша тұратын орны бойынша тіркелген. Сонымен қатар, қараша айының бірінен бастап уақытша және тұрақты тіркеу кезінде тұрғын үйге меншік құқығы туралы 2 нысанды анықтамалық құжатты талап ету жойылды.
Бұл күні ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан азаматтарға 39 түрлі мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Ведомство қызметкерлері 286 ХҚКО мен 14 мамандандырылған ХҚКО-ларда жұмыс істейді.
Материалдың авторы: Айнұр МАРАТ