Астана әкімдігі: соғым маусымында ет қымбаттамайды

Астанада ет бағасын тұрақтандыру мақсатында ірі тауар өндірушілерімен коммуналдық базарға сиыр етін бекітілген бағамен тікелей жеткізу бойынша келісім шарттар жасалды.

«Аталған келісім шарттар шеңберінде сиыр етінің алдыңғы жауырын бөлігін сатып алу бағасын (1300 теңге/келі) және бөлшек сату бағасын (1350 теңге/келі) белгілеуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, Ақмола облысының Целиноград ауданы өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда сиыр етінің бағасын 1300тг/кг бекітілген», — делінген Ауылшаруашылық басқармасы таратқан ақпараттық хабарламада.

Айта кетейік, елордада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға оның ішінде ет бағасын реттеуге қалада апта сайын өткізіліп жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкелері септігін тигізіп жатыр.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бүгінге дейін Астанада 64 аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, онда 27 440 мың тонна өнім сатылды. Қала әкімдігі аталған жәрмеңкені қараша айының соңына дейін өткізуді көздеп отыр.