«Менің түрім онша емес» немесе дисморфофобия деген не?

Дисморфофобия деген не?

Дисморфофобия — өзінің сырт келбетіне үнемі көңілі толмай, соны үлкен мәселеге айналдырып жүретін адамда болатын психикалық ауытқушылық. Ондай адам өзін өзгелермен салыстырып, кемшілігін түзету үшін пластикалық отаға дейін барады. Себебі «түрім жаман» деген ой тыным бермейді. Соның салдарынан өзін бақытсыз сезінеді.

Дисморфофобияға шалдыққан адамның көбінесе терісінің түсіне, шашына, мұрнына көңілі толмайды. Одан кейін салмақ мәселесіне алаңдайды.

Мұрным өзіме ұнамайды. Сонда бұл дисморфофобия ма?

Бұл жағдайдың күрделі не күрделі еместігіне байланысты. Егер сізге мұрныңыздың пішіні қатты ұнамай, кейде қыр мұрынды болсам деп ойлап қоя салатын болсаңыз, алаңдаудың қажеті жоқ. Ал, мұрныңыздың пішіні ұнамағаны соншалықты, суретке түсуден қашып, біреу мұрын туралы әңгіме бастама екен деп тұрсаңыз, сізге дәрігерге қаралу керек.

Дисморфофобия қайдан пайда болады?

Оның нақты жауабы жоқ, алайда психологтар оған бала кезде көрген қаталдық, айналасындағы адамдардың мазақтап күлуі себеп болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен бірге соңғы кезде көбейіп кеткен бьюти-блогерлер мен олардың идеал образ туралы айтқандарын жазатын БАҚ-тың да адам санасына әсері бар. Дисморфофобия көбінесе, жеткіншек кезде пайда болады және ерлер мен әйелдердің арасында бірдей таралады.

Белгілері:

  • Айнаға мүлдем қарамайды, суретке түспейді;
  • Айнаға кемшіліктерін көру үшін қарайды;
  • Дәрілік заттар мен алкогольге салынады;
  • Суицидтің белгілері байқалады;
  • Көпшілікпен араласпайды;
  • Түрлі диеталарға отырып, жаттығулар жасау, пластикалық отаға құмарлық немесе өзге де мінсіздікке шектен тыс ұмтылу.

Қалай емдейді?

Дисморфофобияға шалдыққан адамды психолог немесе психиатр емдеуі керек. Олар  күйзеліске қарсы дәрі-дәрмектер жазып беріп, қабылдау барысын бақылауы керек.