«Титаник» кемесінде қаза тапқан жолаушының хаты аукционға қойылмақ

Henry Aldridge & Son үйі қоятын аукционда хаттың құны 60-80 мың фунт стерлингке бағаланып отыр (80-100 мың АҚШ доллары).

Хатта «Титаниктегі» тамақ пен ойын-сауық, сонымен қатар бірінші кластағы басқа да жолаушылар туралы айтылыпты. Оның ішінде америкалық миллионер Джон Джекоб Астор болған.

Independent басылымының мәліметінше, ер адам хатты анасына жазған екен.

«Бұл — өте үлкен кеме. Қонақүй ретінде салынған. Егер бәрі жақсы болса, Нью-Йоркке сәрсенбі күні таңертең жетеміз», — деп жазылған хатта.

Хольверсон атты америкалық бизнесмен әйелімен бірге Аргентинадан АҚШ-қа Ұлыбритания арқылы қайтып келе жатқан. Апат кезінде Хольверсон қаза тауып, әйелі тірі қалады. Хат қаза болған Хольверсонның қойын кітапшасынан табылып, оның отбасына қайтарылған.

Еске сала кетейік,«Титаник» Солтүстік Атлант мұхитында 1912 жылы 15 сәуірге қараған түні айсбергпен соқтығысып суға батып кеткен болатын, салдарынан кеме бортында болған 2200 адамның 1500-і қаза тапқан еді.

ДереккөзBaq.kz