Қазақстан Республикасы о бастан бейбіт ұстанымда болғандықтан, еліміздің қорғанысын – қуатты әскерді дипломатиялық тәсілдермен бірге орайластыра отырып шешу жолын қолдаған болатын. Сондықтан Бас Қолбасшының шешімімен, Қазақстан тәуелсіздік жылдары түрлі әскери одақтарға кіріп, халықаралық құқық негізінде бірнеше аймақтық ұйымдардың мүшесі болды. Дипломатиялық «майдандағы» ірі әскери стратегиялық жеңістер ретінде Қазақстанды – Ауғанстан, Шығыс Азия аймақтарындағы қауіптерден қорғауды көздеген Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім Ұйымына мүшелігі мен Ресеймен әскери одақ құруын атап өтуге болады. Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі ұйымында мүшелік Қазақстан үшін сонымен бірге – офицерлер мен әскери мамандарды Ресейлік беделді әскери оқу орындарында дайындауға мүмкіндік берді. Бұған қоса, Қазақстан аспаны ТМД Әуе Қорғанысының Біріктірілген Жүйесінің қорғауында.

Мемлекеттік әскери ұйымдардың құрамы мен сапасы туралы дәл мағлұматтар құпия болғандықтан, әлемде және елде Қазақстан Қарулы Күштерінің әлеуетіне әдетте ашық мәліметтер бойынша баға беріп жатады. Егер сондай мәліметтерді Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихымен байланыстыра қарасақ, біз келесідей ахуалды байқаймыз.

ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ: БІЗДІҢ БІЛЕТІНІМІЗ

Қару-жарақ пен әскер ұстау шығыны – әлем бойынша бюджеттік шығыны көп бап болып есептеледі. Ендеше тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында үлкен екі мәселе болды: бірінші – қаржы тапшылығы уақытында Советтер Одағынан қалған материалдық-техникалық база мен кадрларды сақтап қалу; жаңа әскери доктрина қалыптастыру және соған сай озық үлгіде қарулана бастау. Бірінші мәселені Қазақстан – Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қолданылған әдіспен шешті: үш-алты айлық офицерлік курстар ашып, нәтижесінде қорғаныс саласында жаппай кадр тапшылығы көрінісін болдырмады.

Ал әскери доктрина қалыптастырып, соған сәйкес озық үлгіде қарулана бастау мәселесі шын мәнінде айтарлықтай қиын еді. Қару-жарақтың барлық дерлік түрі – Советтер Одағының Орта Азия Әскери Округы мен Түркістан Әскери Округынен мұраға қалған ескі еді. Дәл сол уақытта аймақта да бірнеше ұрыс ошақтары пайда болып, олардың сипаты қарудың кейбір түрлері бойынша – IV, V толқындағы жабдықтармен жарақтану міндетін тудырды. Сонымен бірге Қазақстанға – көршілері мен әлемдік қауымдастыққа өзінің бейбіт ел болатынын дәлелдеу қажеттілігі де болды.

Бұл орайда атқарылған істер мейлінше жедел әрі тыңғылықты жүзеге асырылды деуге болады. Алдымен 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Қарулы Күштері құрылды. Одан кейін тез арада Қазақстан Ядролық қаруларды таратпау жөніндегі келісімге өз еркімен қол қойды. Бұл өз кезегінде жас мемлекетімізге үлкен саяси карт-бланш берді. Себебі дамудың бастапқы сатысында әлемдік стратегиялық орталықтар тарапынан «ядролық қаруы бар ел» ретінде қарастырылу – үлкен экономикалық және геосаяси қиындықтарға әкелуі мүмкін еді. Бас қолбасшымыз Н. Ә. Назарбаевтан бұл туралы сұрағанда, ол: «Мен еліме қарай зымырандар бағытталып тұрғанын қаламадым» деді. Денуклеризация 1996 жылға дейін жалғасып, ядролық оқпандар толық жойылып, кейбір ядролық оқпандар және оларды тасымалдайтын зымырандар (КСРО Стратегиялық Мақсаттағы Зымыран Әскерлерінің құрамына кірген шахтадан атылатын 2 зымыран дивизиясы) мен стратегиялық Ту-95МС ұшақтары Ресейге ешқандай шартсыз тапсырылды (Ауыр бомбалаушылардың 79-ыншы авиадивизиясы). Қазақстан өзінің бейбіт ел екеніне еш күмән қалдырмау үшін тіпті ядролық қару жасау потенциалын да жариялы түрде жойды. Ал оны жүзеге асыру асқан ұқыптылық пен біліктілікті талап етті. Мысалы аталған екі зымыран дивизиясының әрқайсысында (бірі Державинскте, бірі Жаңғызтөбеде орналасқан) – ортақашықтықтағы РСД-10 (NATO таңбалауы бойынша – SS20 – Saber) зымыранының 48 данасы болатын. Советтер Одағынан мұраға қалған байытылған уран мен плутонийдің үлкен қоры АҚШ тарапына беріліп, МАГАТЭ сияқты ядролық отынды бақылау ұйымының барлық шарттарын орындады. Сөйтіп Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында – Иран, Солтүстік Корея сияқты елдерге ұқсап, ядролық бағдарламасының кесірінен халықаралық санкциялардың бұғауы салынуы қаупінен біржола құтылды.

1989 жылы Орта Азия Әскери Округы мен Түркістан Әскери Округы біріктірілген болатын. Одан Қазақстанға 200 мыңға жуық орасан әскер мен стартегиялық және ядролық қару мұраға қалған еді. Елді жайлаған экономикалық дағдарыс кезінде осынша ресурстарды бақылап отыру, олардың – Азия аймағында белең алып келе жатқан экстремистік ұйымдар мен топтардың қолына түспеуін қадағалау, дәл сол уақытта – мұнша қару-жарақ пен жауынгерлерді оңтайландыру аса қиын болды. Сонымен бірге – бұрынғы КСРО-да орталықтың басқаруында болып келген Байқоңыр, Семей, Ембі және Сарышаған полигондарының тағдыры да бұлыңғыр еді.

Ядролық қаруды өз еркімен тастау сияқты нақты әрекетпен өзінің бейбітшілікке ұмтылатын мемлекет екенін әлемдік қауымдастыққа біржола дәлелдегеннен кейін, енді әскери реформа жасау міндеті туды. Себебі, стратегиялық дұшпандармен «ақтық шайқасқа» бейімделген Советтер Одағының әскери ұйымдастыру моделі – тәуелсіз Қазақстан мен оның айналасында қалыптасып отырған ахуал мен жаңа қауіп-қатерлермен күреске тіпті келмейтін. Аймақта енді жақыннан ұрыс тактикасының маңызы артып, заманауи қару-жарақпен жабдықталған, тез көшіп-қонатын, адресті тапсырмаларды орынауды шұғыл шешетін және ұрыс ошағына жедел жететін мобильді әскерлердің қажеттілігі туындады. Сонымен бірге – халықаралық басты ұйымдардың мүшесі ретінде Қазақстанның бітімгершілік миссияларға қатысуы геосаяси ұпайлар әкелуі мүмкін еді. Жас мемлекетіміз бұл жұмыстарды тамаша атқарып шықты деуге болады. Айталық, 1992-2001 жылдар аралығында қазақ батальоны сол кезде аса қауіпті болған, экстремистік топтардың шабуылына үнемі ұшырап отыратын тәжік-ауған шекарасының Таулы Бадахшан аймағындағы аумақты күзету миссиясын атқарды. Бұл қатерлі миссияда Қазақстан 50 жауынгерінен айырылып, еліміз дербес мемлекет ретінде соғыс шығынының ащы дәмін алғаш рет татты. Ал қазақ инженер-саперлік жасағы 2003-2008 жылдар аралығында Ирактағы Ұлтаралық Коалициялық Күштер құрамында борышын өтеп, ол елді 3 млн-ға жуық жаяу әскерге қарсы минадан тазартты. Бұл жерде де бір жауынгер өліп, алтауы жарақат алды.

Бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштері – біз қысқаша атап өтуге тырысқан осындай трансформациялар мен ахуалдардан қалыптасқан әлеуетті ұйым. Қазір қарулы күштеріміз стратегиялық міндеттерге қарай – «Батыс» (Атырау), «Шығыс» (Семей), «Оңтүстік» (Тараз) және «Астана» аймақтық штабтарға бөлінген. Әскер түрлеріне қарай – жаяу әскер, әуе қорғанысы күштері және әскери-теңіз күштері болып бөлінген. Өз кезегінде олардың құрамына Зымыран және артиллерия әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері мен, химиялық, биологиялық, радиациялық қауіпсіздік пен инженерлік қамтамасыз ету міндеттелген Арнайы әскерлер кіреді. Әскер қатарына жоспар бойынша да, келісім-шарт негізінде де алады. Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскер саны – Ұлттық Гвардия және басқа да әскери жасақтарды қоса алғанда 120 мың адамға жуық.

ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ: ӘЛЕМДЕ БАҒАЛАНУЫ

Әлемде мемлекеттердің әскери әлеуетіне мониторинг жасап отыратын ұйымдар өте көп. Арнайы орталықтарды есепке алмағанда, түрлі ғылыми ұйымдардың жанындағы зерттеу бөлімдерінің өзінің саны біршама. Біздер әлемдік алдыңғы қатарлы БАҚ-тар жиі тілге тиек етіп, жүгінетін бір-екеуін таңдап алып, онда Қазақстанға қандай баға берілетінін шолып өтсек.

Ондай ұйымдардың ішінде Global Firepower назар аударуға тұрарлық. Ол беретін мәліметтердің БАҚ-тардағы әскери-сараптамалық мақалаларға жиі дереккөз болатыны өз алдына, бұл орталықтың өзінше мейлінше әділетті жасаған рейтинг жүйесі бар. Олардың түсіндіруінше, мемлекеттің әлем бойынша әскери әлеуеті 50 көрсеткіш бойынша бағаланады. Рейтингтің басты артықшылығы ретінде – «ұсақ, бірақ технологиялық дамыған мемлекеттердің – ірі, бірақ даму жағынан әлсіздеу мемлекеттермен бәсекелесуіне мүмкіндік беретіні» айтылған. Сонымен бірге, рейтинг түзу кезінде қару-жарақтың санына емес – түрлерінің көп болуына басымдық беріледі. Мысал, 100 дана мина жойғыш кемесі бар ел – 10 дана авианосеці бар елге теңесе алмайды екен. Мұны қандай да бір деңгейде әділетті деуге болады. Ядролық әлеует есепке алынбайды, бірақ ядролық державалар мен ядролық қаруы туралы қауесет бар мемлекеттерге бонустық ұпай беріледі екен. Теңізге шығатын жолы жоқ мемлекеттер еш ұтылмайды. NATO мүшелері – теориялық тұрғыдан ресурстардың біршама біркелкі таралуына байланысты «кішкене бонус» алады. Ағымдағы саяси және/немесе әскери билік есепке алынбайды. Ақыр аяғында – жағырапиялық факторлар, логистикалық икемділік, табиғи байлықтар мен жергілікті өндіріс рейтингтің нүктесін қояды екен.

Мінеки, аталып көрсетілген көрсеткіштерге сүйене отырып, Global Firepower – 2017 жылғы әскери әлеует рейтингінде Қазақстанды 133 мемлекеттің арасында 55-інші орынға қойыпты. Бұрынғы одақтастарымыз Беларусь, Өзбекстан, Украина мен Ресей – біздің алдымызда. Рейтинг Қазақстан туралы келесідей мәліметтер келтірген:

  • Сапқа тұруға шақыруға жарамды адамдар саны – 8,5 млн;
  • Жұмысқа жұмылдыруға жарамды адамдар саны – 6,44 млн;
  • Әскер жасына толғандар саны – 245 мың;
  • Қазір әскери қызметтегілер – 106 500; олардың ішінде қазір белсендісі – 74 500, резервтегілері – 32 мың.

Ал қару-жараққа келетін болсақ, келесідей мәліметтер белгілі екен:

  • Ұшақтардың барлық түрінің саны – 239;
  • Жойғыш ұшақтар – 91;
  • Шабуылшы ұшақтар – 142;
  • Тасымалдаушы ұшақтар – 64;
  • Жаттығу ұшақтары – 17;
  • Тікұшақтардың жалпы саны – 67;
  • Шабуылшы тікұшақтар – 18;
  • Танкілер – 300;
  • Қалқанды машиналар – 1 613;
  • Жылжымалы артиллериялық қондырғылар – 285;
  • Тасымалданатын артиллерия — 744:
  • Реактивті атыс қондырғылары – 393;
  • Теңіз жабдықтарының барлығы – 15;
  • Сақшылық кемелер – 12.

Рейтингте келтірілген экономикалық сипаттағы басқа мәліметтер (бюджет, логистика, жағырапиялық жағдай) бізге былай да таныс. Қару-жарағымыз бен экономикалық мүмкіндіктеріміз осындай екен.

Дегенмен, рейтингтің әділеттілігі бәрібір күмән тудырады. Айталық, NATO елдерін дербес қарастырудың қаншалықты дұрыс екені туралы сұрақ туындайды. Мысалы, дербес қарастырса – әлдеқайда әлсіз болуы тиіс шығысеуропалық елдер бар. Бұрынғы Варшава блогының мүшесі Румыния – 42 орында. Өздерінің сөздеріне жүгінсек, Бухарест – NATO мүшесі ретінде қосымша бонус ұпай, жеке қарастырғанда да – технологиялық даму жағынан ұпай алған болып шығады. NATO елдерінің қару-жарағы стандартталып, жалпыға бірдей ережелерге сай таратылатынын ескерсек, біздер – тұтастай әскери блок пен Қазақстан сияқты дербес мемлекеттерді салыстыру әрекетін көреміз. Бұл жағдайда рейтинг түзушілер – Қазақстанның да әскери-саяси блоктарда (Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім Ұйымы, аймақтық өзара одақтар) барын, қажет жағдайда стратегиялық әріптестерінен қосымша техникалық көмек ала алатынын ескеруі керек емес пе?

Ал біздерге қарағанда – технологиялық дамыған әрі дербес ел ретінде ұрыс тәжірибесі бар Финляндия (совет-фин соғысы) – рейтингте бізден бір пункт төмен. Өздері мәлімдегендей, халық саны есепке алынбайтын болса, басқа параметрлері (мысалы өндіріс пен қару-жарақ түрлері) бойынша Өзбекстан мен Қазақстаннан кемшін түсетініне сену қиын.

Global Firepower рейтингінде басқа да ойлантарлық жәйттер көп. Мысалы, рейтингтің ұшақтар бөлімінде «қазіргі заман ұрысында – әуедегі басымдық жеңістің кепілі» деген анықтама беріпті. Аймақта өзіне тән геосаяси әрі әскери ахуал болатыны, мемлекет артық та емес, кем де емес – өз аймағындағы жағдайға байланысты қамданатыны есепке алынбаған сияқты. Мысалы біздің аймаққа – мемлекетаралық әскери қақтығыс емес, радикал топтардың болжалды экстремистік әрекеттері тән. Соған сәйкес – тау-тасты аралап, орман-жыңғылдарды тінтетін жүрдек әрі икемді техника, қала жағдайындағы ұрысқа тән элементтер жағы көбірек қарастырылады. Әрине, мұндай жағдайда шабуылшы, жойғыш ұшақтарға басымдық беру орынсыз болар еді. 29 орында тұрған Швецияға төніп тұрған болжалды қауіп пен Орта Азиядағы болжалды қауіптерді салыстыру тіпті қисынсыз. Біздің әскери командованиеміз 4-4+/5 толқындағы әскери ұшақтарды жай ғана – әзірге қажетсіз деп тауып, қаржы үнемдеуге тырысуы мүмкін ғой? Ал Швеция мысалы, ұшақтарды өзі өндіреді (SAAB Gripen). Және аймақтағы геосаяси ахуалы анағұрлым жақсы.

Жалпы алғанда бұл рейтинг – онсыз да, объективті түрде алдын-ала белгілі алғашқы ондықты (АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Түркия, Германия, Египет) мәртебелі орындарына қою үшін қолдан жасалғандай әсер қалдырды. Әрі, осындағы кейбір мемлекеттер арасында қақтығыс болып, тәжірибе жүзінде тіпті керісінше нәтиже алғаны ескерілмеген. Айталық оныншы орындағы Египет тіпті одақтастарымен біріксе де – он бесінші орындағы Израильден 1967 жылғы алтыкүндік соғыста ойсырай жеңілгені есепке алынбаған. Оның үстіне Израильдің қару-жарақ өндірісі мен экспортында әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ескерсек, Египеттің одан тұтастай бес пункт алда болуы күмәнді. Ал 69 орындағы Ауғанстаннан гөрі Болгарияның мықты екеніне келісесіз бе? Бірі – соғыс институционалды түрде қанға сіңген халық болса, бірі – мамыражай өмір сүріп жатқан, қазіргі ұрыстарда еш тәжірибесі жоқ мемлекет.

Әрине, рейтингтер, оның ішінде көрсеткіштердің статистикасының негізіндегі сараптамалардың онша дәл болмайтынын білеміз. Бұл сайттың етегінде тіпті «жазбалар қалай бар – солай ұсынылады және одан келуі мүмкін зардаптарға жауап бермейміз» деген ескертпе де бар. Қиыны, осындай – аймақтық ерекшеліктер мен ахуалдарды ескермейтін рейтингтер жарық көргенде, оқырмандар тарапынан өз елінің қуаттылығына күмән туып жатады. Визуалды ойлауға бейім заманауи оқырмандардың көбі тізімдегі өз елінің орнын көріп, ешқандай сарапсыз, таразылаусыз, күмәнсіз қабылдайды. Бауыржан Момышұлы айтатын «газетте жазылғанды емес, нені меңзеп отырғанын оқу» машығы бұқараға тән емес. Әлеуметтік желілерде осындай рейтингтерге бола – қорлану, байбаламшылдық пен пессимистік көзқарастар пайда болатынын көріп жүрміз. Ал ол сайып келгенде – елдегі жауынгерлік рухтың, саналы түрде өз елін қолдаудың деңгейіне кері әсер етпей ме?

Әскери әлеуетті ең дәл анықтайтын әдіс – штабтық ойындар екені белгілі. Тек штабтық ойындар ғана командование әлде зерттеуші үшін әскери мүмкіндіктердің айқын да нақты бейнесін түзе алады. Бірақ штабтық ойындар – өте қымбат шара. Және тағы бір ерекшелігі – штабтық ойындарды жауынгерлік дәстүрі де, салты да, тіпті дүниетанымы да басқа адамдардың жүргізуі мүмкін емес. Ондай оперативті ойындарды тек жергілікті командалық құрамның офицерлері ғана жүргізе алады, себебі ойын барысында ол мемлекеттік құпияға жататын көпке белгісіз мәліметтерді пайдаланады. Ал ондай мәліметтердің бөтен елдің публикалық сарапшыларында болуы тіпті мүмкін емес. Бұған қоса штабтық ойындар – көбіне ортақ шекарасы бар мемлекеттердің қақтығысын модельдейді. Сондықтан Австралия мен Қырғызстанды салыстыру аздап қисынсыздау. Егер Global Firepower Жер шарының әр қиырына шашыраған мемлекеттерді өзара шекарасы бар деген шарттан шықса, онда аталмыш тізім тіпті басқа кейіпте болар еді. Тіпті теория жүзінде бетпе-бет келуі мүмкін емес, бірі – Атлант, бірі – Тынық мұхитындағы елдерді қандай да бір ортақ мәнге кілтіріп, бір тізімге тоғытудың қаншалықты дұрыс екені беймәлім.

Сонымен бірге, NASDAQ сияқты биржалық индекске ұқсатып әскери әлеует индексін жасаудың ғылыми негіздемесі жоқ. Себебі, биржалық индекстер – жылдар бойы күнделікті экономикалық ахуалмен дәлелденіп, нақтыланып отырған. Ал әскери әлеует индексінің дұрыс-бұрыстығын айқындау, теория мен практиканың алшақтық деңгейін көру үшін – тізімдегі мемлекеттер шын мәнінде соғысуы керек. Оның өзінде, статистикалық толыққандылықты қамтамасыз ету үшін бір рет емес, бірнеше рет соғысуы керек. Бұл әрине, мүмкін емес.

Қорыта келгенде, оқырманды осындай әскери рейтингтерге салқынқандылық, сыни көзқарас танытуға шақырамыз. Себебі сіз бен біздің айбынымыз – еліміз туралы пікірімізге тікелей тәуелді. Сан мен сапа туралы мәліметтер болғанымен, қан майданда Баукеңдер амалын тауып кеткенін естен шығармалық.

Ескерту! Бұл жазба ешқандай академиялық дереккөз бола алмайды және келтірілген барлық дәйектер мен тұжырымдар ашық дереккөздер алынған. Мақаланы – автордың тақырыпқа орай субъективті ой-пікірі ретінде қабылдау сұралады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!