«Дарын» жастар сыйлығына 200-ден астам үміткер өтініш берген

Отырысқа комиссия мүшелері — атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, қоғамдық бірлестіктер, саясат, спорт, музыка және актерлік өнер саласының танымал тұлғалары қатысты.  Атап айтқанда Комиссия құрамында Ольга Шишигина, Айман Мұсақожаева, Төлеген Мұхамеджанов, Майра Ілиясова, Майя Бекбаева және басқа да белгілі өнер майталмандары бар.

Жалпы алғанда, беделді марапатқа үміткерлерден 213 өтініш келіп түскен.  Бұл өткен жылғы келіп түскен өтінімдер санынан (өткен жылы -126 өтініш) екі есе артық. Өтінімдердің ең көп саны «Ғылым» номинациясы бойынша — 53, екінші және үшінші орындарда — «Спорт» және «Қоғамдық қызмет» номинациялары бойынша 35 және 31 өтініш келген.

Сондай-ақ, «Театр және кино», «Халық шығармашылығы», «Эстрада», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика» және «Классикалық музыка» номинациялары бойынша бірнеше өтінімдер қабылданған. Ал, «Әдебиет» номинациясы  бойынша 5 өтініш келіп түскен.

«Дарын» жастар сыйлығына елордадан — 95, Алматыдан — 31, Павлодар облысынан — 19 адам өтінім ұсынды.  Өтінімдердің 50% — дан астамы өңірлерден және 6 пайызы ауылдық жерлерден келіп түскен.

Осылайша қорытынды отырыста комиссия мүшелері  сыйлықты  ұсыну жөнінде ұсыныс әзірледі. Сыйлық Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен тағайындалады.  Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алуға 29 жасқа дейінгі, халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар үмітті бола алады.

Сыйлыққа ие болған жеңімпазға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табыс етiледi.