Көкшетауда «Нұр Отан» партиясының бақылау комиссия отырысы өтті

Құқықтық статистика орталығының мәліметтеріне сәйкес, мәдениет саласында соңғы үш жылда жемқорлық сипаттағы жағдайлардың төмендегені байқалады. Өткен жылы облыс бойынша 7 заң бұзушылық орын алса, ағымдағы жылы бір де-бір дерек тіркелмеген. Дене шынықтыру және спорт саласы бойынша да ағымдағы жылдың 8 айында жемқорлық сипаттағы заң бұзушылықтар орын алмаған.

Отырыс барысында облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменті басшысының да есебі тыңдалды. Департамент биылғы жылдың өзінде екі рет жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізген. Нәтижесінде, 23 мемлекеттік органға ішкі талдау жүргізу туралы ұсыныс жіберілген. Бұдан бөлек, жемқорлық сипаттағы заң бұзушылықтар жиі орын алатын салалар да аталып өтті.

Партиялық бақылау комиссиясының отырысында Ерейментау ауданындағы «Нұр Отан» партиясы филиалының жұмыс тәжірибесі талқыланды. Бүгінде аудан бойынша 2500-ға жуық адам партия құрамында. Ағымдағы жылдың 8 айында қоғамдық қабылдауға 170-ке жуық өтініш келіп түскен. Олардың 100-ге жуығы оң шешімін тапса, қалғандары бойынша түсініктеме берілген. Жалпы бұл бағытта ауданның жұмысына оң баға берілді. Осылайша, жиын соңында мәдениет, спорт салалары бойынша жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын әлі де болса жақсартып, жіті қадағалауда ұстау қажеттігі айтылды.