27-29 қазан аралығында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

Астанада 27-29 қазан аралығында қазақ күресінен 40 мемлекеттің қатысуымен әлем чемпионаты өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Австралия, Үндістан, Литва, Ресей, Бельгия, Камерун бастаған елдердің ең таңдаулы балуандары бар.

Чемпионат 8 салмақ дәрежесі және абсолюттік дәреже бойынша өтеді.

27 қазанда «Хан шатыр» ойын-сауық орталығында спортшылардың салмақ өлшеу және жеребе тастау рәсімі өтсе, 28-29 қазан күндері «Барыс-Арена» мұзайдыны сарайында жарыс өтеді. Біріншіліктің алғашқы күні спортшылар 55, 90, 100 және +100 келіде белдессе, екінші күні 60, 66, 74, 82 және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталмақ.

Еске сала кетейік, «Қазақ күресі халықаралық федерациясы» ЗТБ 2017 жылдың 24 наурызында Астана қаласының Әділет департаментінде тіркелген. 2017 жылғы ақпанда 35 мемлекет өкілдерінің қатысуымен Астана қаласында өткен Қазақ күресі халықаралық федерациясының Конгресінде федерация жұмысы нықталып, президенті ретінде Қанат Бозымбаев тағайындалған болатын.

Айта кетейік, жыл сайын қазақ күресінің танымалдығы артып келеді. 2016 жылдан бастап ЮНЕСКО оны материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген.