Оралда қайырымдылыққа арналған үшінші гранд бал өтті

Ауыр науқасқа шалдығып, бірнеше жыл ауруханадан шықпаған құлсарылық 23 жастағы Әнел Мұратова мен оның сүйіктісі Марлен Нұрғасеновтың таңғажайып махаббат хикаясы баршаға аян. Жеті жыл бойы Әнелдің қасынан бір елі ажырамай, ол үшін бәрін құрбан еткен Марленнің ісі – нағыз ерлік. Он бес рет ота жасатқан Әнелдің денсаулығы қазір біртіндеп түзеліп келеді.

Қайырымдылық шарасына сонымен қатар композитор Ренат Гайсин, актер Асылхан Төлепов, «Казахи» КТК ойыншысы Гүлнәр Силбаева, белгілі тележүргізушілер Ләйла Сұлтанқызы мен Нұрбигүл Егізова, эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Кәмшат Жолдыбаева, Ерке Есмахан, журналист Жанар Байсемізова, «Евровидение-2011» байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымов, визажист Сәнді Бексырға, «Batyssound production» студиясының директоры Ерлан Бекчурин, «Бастау» тобы, танымал әнші, Қытайдағы «I am a singer»  байқауының жүлдегері Димаш Құдайберген сияқты халық сүйіктілері қатысты.

Шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов аталған кештің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндес екенін жеткізді.

«Биылғы іс-шара өте ерекше. Қайырымдылық кешін Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырып отырмыз. Осы тұста жүрегі кең Алпамыс Шаримов бауырыма ерекше ризашылығымды білдіремін. Шара аясында өнер жұлдыздары, дебютанттар көптеген игі істер атқарды. Мәселен, Димаш Құдайберген қамкөңіл қариялардың көңілін ауласа, Асылхан Төлепов ардагерлерге қолұшын созды. Ал өңірдің белсенді жастары 100 отбасына нақты көмек көрсетті. Қоғамның бізге, қолдауымызға зәру мүшелері бір сәт жадырап қалды. Шынымен, көңіл қуантатын іс. Бұл – біздің күшіміз, бірлігіміз. Мереке құтты болсын», — деді Алтай Сейдірұлы.

Балдың көркі болған дебютанттар бидің алты түрін мың бұрала биледі. Айта кету керек, қатысушылардың арасында көпбалалы аналар, әскери қызметкерлер мен есту-сөйлеу қабілеті бұзылған жастар бар. Іріктеуден өткен 100 жасты (50 жұп) бір ай бойы хореограф-балетмейстер Қарлығаш Қадырбекова дайындады.

Қайырымдылық кешінің ханзадасы болып Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті Мақсат Әбуов, ханшайымы болып М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Камилла Халелова танылды. Шара соңында халықтың сүйікті әншісі Димаш Құдайберген тыңдармандарына әннен шашу шашты.