Алтай Көлгінов: Музей экспозицияларын рухани-мәдени құндылық ретінде қастерлеуге тиіспіз

Елордада Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтіп жатыр. Онда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен көрмелер ұйымдастырылды, деп жазады zhaikpress.kz.

Көрмеде қолөнер шебері Төлепберген Сарманбеков зергерлік бұйымдарын көрсетсе, Ерболат Мұсағалиев былғарыдан жасалған аяқ киімдер мен белбеулерді назарға ұсынды. Ал Асылан Сарыбаев оюмен әдіптелген ағаш тұғырға әсем домбыраларды орнатыпты.

«Жаңа технологиямен ағаштан және тері мен жүннен өңделген ұлттық бұйымдарымызды әкелдік. Батысқазақстандық әріптестердің керамикалық ыдыстары мен әсем өрнектелген кәдесыйлары, әшекей тастары көңілімізден шықты. «ЭКСПО — 2017» көрмесіне байланысты  шеберлер жәрмеңкесін ынтымақтаса өткізіп жатырмыз», – деді облыс басшысы Алтай Көлгіновке қостанайлық суретші-безендіруші Арна Аңқауов.

Этноауылда Қостанай облысынан келген шеберлердің бұйымдары да қоңсылас тігілген киіз үйлер ішіндегі көрмеге қойылған.

«Елбасымыз рухани жаңғыру тарихымыздан бастау алатынын айтқаны мәлім. Яғни, мемлекет басшысы «ұлттық мәдени сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» атап өтті. Сондықтан ұлттық нақышта безендірілген қолөнер туындылары мен өлке тарихынан терең сыр шертетін музей экспозицияларын рухани-мәдени құндылық ретінде қастерлеуге  тиіспіз»,  – деді шара барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Музей директоры Мирболат Ерсаев өңірдің тарихи жәдігерлеріне Ұлыбритания, Италия, Ресей, Венгрия, Қытай, Бельгия елдерінің туристері қызығушылық танытқанын  айтты. Оның қатарында Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (OSCE) Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо да оң бағасын берген.