Көкшетауда жемқорлықпен күрес шарасы бойынша партиялық жиын өтті

Биылғы сегіз айдың өзінде Ақмола облысы бойынша 116 сыбайлас жемқорлық дерегінің 22-сі пара алуға, 54-і лауазымды өкілеттілігін теріс пайдалану, 44-і бюджет қаражатын жымқыруға қатысты тіркелген. Аталған маңызды мәселе «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының да жіті назарында. Олардың айтуынша, жемқорлыққа байланысты тәртіптік сипаттағы әкімшілік құқық бұзушылықтың сегіз айдағы саны 14-ті құрап отырған көрінеді. Бұл былтырғыға қарағанда төмен, десе де жемқорлыққа баратын мемлекеттік қызметкерлер жоқ емес.

Жемқорлыққа білместікпен жол бергендерден бөлек, пара алуға пайымды түрде баратындарды қайтерсіз?  Мәселен, Жер кадастры және мүлікті техникалық зерттеу департаментінің басшысы тендер жеңімпазы болуды 1 миллион теңгеге бағалаған. Ал, Целиноград ауданындағы мектептердің бірінің директоры жұмысқа алу үшін, мұғалімнің біліміне емес қалтасының қалыңдығына қараған. Айта берсек, бұл тараптағы мысалдар жетерлік. Ең маңыздысы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың мемлекеттік  қызмет саласында да белең алып отырғандығы.

Жиын барысында жемқорлықпен күрестің түрлі жолдары тілге тиек етілді.  Бірі бұл істі – отбасынан бастау керек десе, енді бірі санаға сәуле түсіруге тиіспіз деген пікірде.   Қазіргі мақсат — аталған індеттің алдын-алу. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың сегіз айында сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша мемлекетке 1 миллиард теңге шығын келтіріліп, ол толық өндіріліп алынған.