Ақмола облысында ірі құс фабрикасы салынып жатыр

Асқар Мұратұлының айтуынша, 2017 жылдың қаңтарынан тамыз айлары арасында ауыл шаруашылығында өндірген жалпы өнім көлемі 9,4 миллиард теңгені құраған. Нақты қнімнің көлемі 101,8 пайызға жетіп, аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста 6 орынға тұрақтады.

«Биылғы жылы аудан диқандары агротехникалық шараларды ұтымды қолданудың арқасында егін орағын уақтылы аяқтап, гектар түсімі 17,2 центнерден айналды», —  деп атап өтті аудан әкімі өз сөзінде.

Сонымен бірге, мал азығын дайындау мәселесі де сөз болды. Ауданда мал шаруашылығы қысқа дайын. Қысқа жететін жем-шөп қоры толық әзірленген. Аграрлы ауданда мал шаруашылығына зор көңіл бөлініп келеді.

Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл ірі қара саны сәл кемігені байқалады. Есесіне, жылқы, қой мен ешкі, шошқа және құс саны артып отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша ет өндірісі 6,1 мың тоннаны және сүт өндірісі 35,3 мың тоннаны құрады. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнімінің көлемі 2017 жылдың сегіз айында 117,5 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 114,1 пайызды құрады. Ауданда инвестициялық жобалар да қолға алынуда.

Асқар Мұратұлының сөзіне қарағанда,   «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында, 2016 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына «Блик Терминал» серіктестігінің құс фабрикасы енгізілді. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңге бағаланып, 2018 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Кәсіпорынның жылдық қуаты 250 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, ауданда құны 5,4 миллиард теңгеге «Арай Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің каолин өндіретін тау-кен комбинатының құрылысы жүргізілуде.

Ауданда кәсіпкерлік қызметі кең қанат жаюда. Оның ішінде биыл қолданысқа берілген «Сөгетті» мейрамханасы мен жаңадан салынып жатқан «Аңсат» қонақ үй кешені және «Бибі Сара» демалыс аймағын айта кеткен жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымдағы жылы 80 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға «М.Ғабдуллин-Қанай би», «Ақкөл-Қазақстан», «Березняковка-Көкшетау-Қостанай» тас жолы учаскелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, «Бурабай-Зеренді» тас жолы да жөнделуде.

Сондай-ақ, «Елікті» тау шаңғы базасына апаратын жолды қалпына келтірудің де бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қаматамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы бағытта Ортақ, Павловка, Серафимовка, Симферополь, Приричен, Исаковка, Қостомар және Қонысбай ауылдарына тартылған су құбырлары жөнделді. Абаттандыру, санитарлық іс-шаралар, қоқыс шығару бағытында да біраз шаруаның басы қайырлған. «Мәдениет саласында есепті кезеңде 167 мәдени-демалыс шаралары өткізіліп, оған 11 мың адам қатысқан.  Жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар саны аудан бойынша жылдан жылға арта түсуде. Қоғамдық тәртіп бойынша аудан аумағында 260 қылмыс тіркелген», —  деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.