Басты бетНұрсұлтан Назарбаев:...

Нұрсұлтан Назарбаев: Алматы — республикалық бюджеттің доноры

Президент ат басын әуелі Наурызбай ауданының әкімшілік ғимараттар кешеніне бұрды. Қаланың сүт кенжесі полицентристік стратегиясы аясында қарқынды дамып келеді. Үш жыл ішінде мұнда салық түсімдері 11 есе артып, шағын және орта бизнес субъектілері төрт есеге өскен. Мектептер мен емханалар бой көтеріп, мемлекеттік жекеменшік-серіктестік аясында ондаған балабақша салынды. Елбасы аудан тұрғындарымен кездесіп, толғантқан мәселелерін тыңдады.

Қалаға қосылғанына 3 жыл толған Наурызбай ауданы аз уақытта қарыштап дамып, еңсесін тіктеді. Мемлекет басшысы бұған толық көз жеткізді. 153 гектар аумақта бой көтерген әкімшілік орталық барша халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде. Тұрғындар өздеріне қажетті қызмет түрін алу үшін көп уақытын сарп етпейді. Аудандық әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы, сот, прокуратура, мемлекеттік кірістер басқармасы мен АХАЖ бөлімі де осында. Десе де, ірі құрылыс мұнымен шектелмейді. Жуық арада мұнда тұрғын үйлер мен балабақшалар салынбақ. Жаңа спорт және мәдениет нысандары пайда болады.

Ұзындығы 1 шақырымнан асатын Абай даңғылы ауданның жаңа әкімшілік ғимараты маңынан өтеді. Маңызды торап ауданды қаламен жалғайды. Президент өз кезегінде аталмыш тас жолды кеңейту мәселесін қадап айтып, инфрақұрылымды әрмен қарай дамытуды тапсырды.

Жас ауданды дамытып, қатарға қосу үшін қазынадан қыруар қаражат жұмсалды. Үш жыл ішінде ауданда екі  мектеп, үш емхана, он жеті спорт және балалар ойнайтын алаңдар салынған. Отыз үш балабақшаның құрылысы мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында жүзеге асқан. Бұдан бөлек, аудан халқы 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ал ауыз су мәселесін толық шешу үшін бюджеттен жарты миллиард теңге бөлінді.

Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа емханада болды.

Қазақстан Президентіне бұл емханада алғашқы медициналық көмек көрсетуден бөлек, асқазанның қатерлі ісігін алдын-ала анықтау мақсатымен скринингтік зерттеулер жүргізу жоспарланып отырғаны баяндалды. Сондай-ақ, мұнда рентген диагностикасы бөлімшесі, офтальмолог, оториноларинголог, торакальді және абдоминалды колопроктология кабинеттері ашылған, тағы басқа бөлмелер жабдықталған.

Емханада азаматтарды электрондық тіркеу орны, Call-орталық бар. Онда Наурызбай ауданының тұрғындарына шұғыл көмек көрсететін жедел жәрдем бригадасы орналасқан.

Елбасыға жуық арада «Қалқаман» шағын ауданында тағы бір медициналық мекеменің ашылатыны және «Тау самалы» шағын ауданында да емхананың құрылысы басталатыны жөнінде мәлімделді. Мемлекет басшысы қаланы кеңейте отырып, тұрғындардың жағдайын жасау бірінші кезектегі мәселе екенін баса айтты.

Қазақстан Президенті жаяу жүргіншілерге ыңғайланып қайда жөнделген Жібек жолы, Панфилов көшелерін және «Астана» алаңын аралап көрді.

Мемлекет басшысына Алматы қаласының тұрғындар мен қонақтар үшін жайлылығын арттыру мақсатымен жүргізілген ауқымды қайта жөндеу жұмыстарының басты нәтижелері туралы мәлімделді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа қаланы абаттандыру, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысындағы көлік жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігіне бағытталған заманауи шешімдер жөнінде айтылды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы «Қайрат» футбол клубының спорт базасымен танысты. Онда бес футбол алаңы, спортшыларды толық бабына келтіруге арналған медициналық кешен мен жабдықтар бар.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы қаласындағы орталық стадионды жаңғырту тұжырымдамасы және мегаполисте жеңіл атлетика спортының инфрақұрылымын дамыту жоспары таныстырылды.

Елбасы «Қайрат» футбол клубының академиясында оқып жатқан жас спортшылармен әңгімелесіп, олардың спорттағы және оқудағы жетістіктері жөнінде сұрады.

«Елімізде спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарда керемет нәтижелер көрсетуде. Бізде бокс, күрес, жүзу, жеңіл атлетика және спорттың басқа да түрлерінен олимпиада чемпиондары бар»,- деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық өңірінде стадиондар кешенді қайта жөндеуден өткенін, мемлекет тарапынан футболды дамыту үшін жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жас спортшыларға зор денсаулық тілеп, жарқын жеңістерге жетулеріне ниеттестік білдірді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы және Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қарасай ауданы Райымбек селолық оркугі аумағында орналасқан, мемориалдық «Батыр бабалар» кешенін тамашалап қайтты.

Естеріңізге сала кетейік, “Батыр бабалар” кешені “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыру аясында жергілікті басшылық және меценаттар көмегімен ашылған болатын.

Елбасы мемориалдық кешеннің Сақ дәуірінен “Алашорда” хандығы құрылғанға дейін, тәуелсіздіктің орнығуына үлкен үлестерін қосқан әйгілі хандар мен билер, ерлігімен туған жерінің атын шығарған батырлар жайлы экспозицияларымен танысты.

Экспозицияның орталық бөлігінде батыр ата-бабаларымызға деген құрметімізді көркемдейтін туындылар көрсетілген. Бұдан басқа, Елбасымызға Қазақстан тарихына кірген тарихи тұлғаларды көрнекі түрде сипаттайтын, басқыншылармен күресте туған жерінің атын шығарған әйгілі хандар, билер мен батырлардың портеттік галереясы көрсетілді.

Сондай-ақ, Елбасымыз Алматы облысының белсенді тұрғындарымен кездесіп, Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және өңірдің болашағы жайлы сөз қозғады.

 «Алматы қаласы әкімдігі жұртшылықпен бірлесіп, инфрақұрылымды жүйелі түрде жақсартуға, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды табысты атқарып жатқанын атап өткім келеді. Панфилов, Жібек жолы көшелеріне кешенді қайта жөндеу жүргізілді. Жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған алаңдар жасақталды. Сондай-ақ, қаланы көгалдандыру, арық жүйесін толық жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Қалада екі аудан – Алатау және Наурызбай аудандары құрылды. Бизнеспен айналысу үшін қажетті жағдайлар жасалды. Қазір мұндағы кәсіпкерлердің белсенділігі арта түсті. Жалпы, Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасып, еліміздің әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполисіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында қала экономикасы қарқынды түрде өсіп, жоғары көрсеткіштерге жетті. Маған ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бүгінде Алматы экономикасының көлемі Грузияның ішкі жалпы өнімінен 2 есе, ал Қырғызстан мен Тәжікстаннан – 5 еседей артық. Бұл – тек қаланың ғана емес, жалпы еліміздің табысты дамуының көрсеткіші. Қазір Алматы республикалық бюджеттің доноры болып саналады. Ол республика бойынша шағын және орта бизнесті дамытудың үздік көрсеткіштеріне қол жеткізіп отыр», – деді Елбасы.

Бұдан бөлек, Елбасы Алматы облысында да көп жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. Соның ішінде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы озық қарқынмен жүзеге асырылуда. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік-транзит салаларында айқын байқалып отыр.

Мемлекет басшысы сапарында Қарасай ауданында орналақан музейді құрылысымен танысуды да естен шығармады.

Елбасы музей экспозициясында ел Тәуелсіздігінің барлық кезеңдерін, соның ішінде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың салынуын қамту қажет екенін атап өтті.

Музей жанында тәуелсіз Қазақстанның тарихи даму кезеңдерін бейнелейтін барельефті панно салынатын болады. Оның ортасына Мемлекеттік тудың тұғырын орналастыру жоспарланған.

Айта кетейік, музей құрылысы жеке адамның қаражаты есебінен жүргізілуде. Нысанның құрылысы биылғы 1 желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған.

Елбасы жұмыс сапарын жалғастыра жүріп, халықаралық әуежайдың қазіргі жай-күйімен танысты. Әуежайды кешенді жаңғырту аясында жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, оларға көрсетілетін қызметтер сапасын арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапары барысында Шамалған ауылына барып, ауылдастарымен бейресми әңгіме өткізді.

Қорытынды соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен Алматы облысының өркендеуіне және одан әрі дамуына тілектестік білдірді.