Түрікменстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
«Бұл – Орталық Азияның барлық елдеріне ортақ мереке. Біздің ниеттестігіміз бен ауызбіршілігіміздің көрсеткішін анықтайтын ойындарға 64 елдің өкілдері қатысып отыр. Сондай-ақ БҰҰ-ның өтініші бойынша босқындардан тұратын құрама да қатысуда. Олар осы ойындардың туын ұстап сынға түседі», – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түрікменстан басшысы Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсімінде ойындардың аса маңызды екенін айтып, қатысуға шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылық білдірді.
«Азия ойындарының аясында Көптеген спорт нысандары салынды, алдағы уақытта олар халықтың игілігіне қызмет етпек. Азия ойындарының ашылуымен құттықтаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көршілес Түрікменстанмен бауырлас қарым-қатынастарымызды атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстан халқына және Түрікменстан Президентіне, сондай-ақ Азия ойындарына қатысуға келген спортшыларға табыс тіледі.