«Азамат» жобасы қажетті құжаттарды цифрландыруды көздейді

Бүгін Астанада цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес аясында өткен көрмеде ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Азамат» жаңа жобасын таныстырды. Жоба күнделікті қолданыстағы құжаттарды цифрландыруды көздейді.

Комитет басшысы Бағдат Мусин өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Азамат» жобасы жайлы: «Естеріңізде болса, сәуір айында смартфон бірқатар құжатты алмастыра алатындығын және бюджеттің үнемделген қаражатына әрбір азаматты смартфонмен қамтамасыз етуге болатынын жазған едім. Техникалық тұрғыда біз бүгіннің өзінде бірқатар құжаттан бас тартып, оларды үнемі өзімізбен бірге алып жүру қажеттігінен арыла аламыз. Құжаттардан «Азамат» қосымшасының арқасында бас тарта аламыз. Ол азаматтарға жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, машинаға техникалық паспорт, техникалық байқаудан өткендігі туралы құжат, сақтандыру полисі сынды құжаттардың цифрландырылған нұсқаларын алуға мүмкіндік береді», — деп жазды.

Енді барлық ақпарат шифрланған графикалық түрде (QR-код) болады. Арнайы құралдар код арқылы барлық қажетті мәліметті ала алады.

«Азаматтар және билік өкілдері тарапынан цифрлық құжаттарға сенімді барынша арттыру мақсатында командамыз блокчейн технологияларының артықшылықтарын пайдаланады», — деді Мусин.

«Азамат» қосымшасы жақын арада іске қосылады. Бірақ көпшілік қолданысқа енгізу және қағаз құжаттарды алмастыру үшін заңнамалық негізде белгілі бір өзгерістер енгізу қажет.

ДереккөзInform.kz