Батыс Қазақстан облысында оқушылар мектепке қаржылық сауаттылыққа үйрететін пән енгізуді ұсынды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жаңа оқу жылының басталуына орай Орал қаласындағы бірнеше мектепті аралап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызы жөнінде оқушылармен пікір алмасты.

Облыс әкімі алдымен Назарбаев зияткерлік мектебіне ат басын тіреді. Одан кейін №7 жалпы орта білім беретін мектептің оқушыларымен жүздесті. Облыстағы ең байырғы мектептердің бірі саналатын оқу ордасын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып шықты..

Облыс әкімі арнайы бас сұққан тағы бір білім ошағы — дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат кешені. Мұнда білім әлеміне жаңа қадам басқан бастауыш сынып оқушыларымен әсерлі әңгіме өрбіп, облыс әкімі оларға Елбасының кітаптарын табыс етті. 90 жылдан астам тарихы бар білім ошағынан осы жылдар ішінде мыңдаған білімді шәкірт түлеп ұшқан. Осы жерде шәкірттер өздерін толғандырған сауалдарын әкімге қоюға мүмкіндік алды. Оқушылар арасында сұрақтарын таза ағылшын тілінде қойғандары да кездесіп жатты. Оқушылар жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізу туралы ұсыныстарын өңір басшысына жеткізді.

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында 12 білім беру нысанына 1 241,0 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, 10 оқу ордасы жаңадан салынып жатыр. Олардың төртеуі аудандарда орналасқан мектептер. Күрделі жөндеуді талап ететін Орал қаласындағы №21 орта мектепке бас сұққан Алтай Көлгінов мектеп ғимаратын жөндеуді қажет ететін ғимараттар тізіміне кіргізуге тапсырма берді.