Назарбаев Университетін жеті жүзден астам түлек тәмамдады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиында «көктемнің бүгінгі күні қуанышты сәтпен – жас мамандардың диплом алып, кәсіби еңбек жолын бастауымен тұспа-тұс келгенін» атап өтті. Биыл оқу ордасы өз тарихында тұңғыш рет 9 ғылым докторын даярланып шығарған. Жалпы Университеттің 737 түлегі оқуын аяқтады.

«Алдыңғы жылдары бұл университетті мыңнан астам студент бітірді. Олардың жартысы әлемнің беделді оқу орындарында білімін жалғастырды. Ал еңбек нарығына қосылған түлектер өздерінің бәсекеге қабілеттілігін және сұранысқа сай екендерін дәлелдей алды. Олар еліміздің ірі компанияларында, ғылым, медицина және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеуде», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Университеттің сондай түлектерінің бірі — Әлибек Есмағамбетов қазіргі таңда Eurasian Resources Group (ERG) коммерциялық орталығының аға талдаушысы қызметін атқаруда. Ол Университеттің Инженерия мектебінің түлектері алдында өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты.

«Осы университет қабырғасынан түлеп ұшқаннан бергі екі жыл ішінде бірқатар шет елдерде жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтадым, әлемнің әр-түрлі мәдениеттеріне терең бойладым. Ал енді елімнің өркендеп, дами түсуіне атсалысу мақсатында Қазақстанға қайта оралып, ERG компаниясына қосылдым»,- деді Әлибек Есмағамбетов.

Қазір табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы әлемдегі ең ірі компаниялардың бірінде жұмыс істеу арқылы ол адам әрі кәсіби маман ретінде жаңа биіктерге қол жеткізгенін баяндады. «ERG арқылы шын мәнісінде өте қызықты әрі Қазақстанның өркендеуі үшін пайдалы жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болдым», — деді жас маман.

Әрине, жұмыс барысында кейбір маңызды жаңа дағдылар мен машықтарды үйрену керек болады. Бұндай кездерде, ERG компаниясында кез-келген бағытта кәсіби білімді көтеріп, практикалық дағдыны игеру жолдары қарастырылғанын айтты Әлибек Есмағамбетов. Оның сөзіне қарағанда, компания жетекшілерінің тәлімгерлігі арқасында жаңадан келген мамандардың кәсіби жағынан жылдам жетілуіне толық жағдай жасалған.

Сонымен бірге осы халықаралық компанияда жас мамандарға жеке адам ретінде де өркендеуіне зор мүмкіндіктер көрсетілген. «Мәселен, күнделікті жұмыстан шаршаған кездерде көптеген тегін спорт секцияларының біріне барып, жаттығулар жасап, бой жазуға болады. Ал спортпен айналысу — адамды табандылыққа, нәтижеге жетуге баулитыны анық», — дейді Eurasian Resources Group КО аға талдаушысы.

«ERG тобында еңбек ету арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтаудамын әрі Қазақстанның индустриалды дамуына өз үлесімді қосудамын»,- деп есептейді Назарбаев Университетінің 2015 жылғы ең алғашқы қарлығаштарының бірі Әлибек Есмағамбетов.

Ол жақында көптеген университеттерге тән ізгі дәстүр қолға алынып, түлектердің шағын саябағы Назарбаев Университетінде бой көтере бастағанын хабарлады. «Назарбаев Университеті түлектері консультативтік кеңесі мүшесі ретінде сіздерге біздің «альма-матерге» қайтып оралуды ұмытпауды естеріңізге салғым келеді. Биыл біз 1 блоктың қарсысындағы шағын саябақ — Түлектер Аллеясы тамаша жобасын іске қосудамыз», — деді Әлибек Есмағамбетов Инженерия мектебі түлектеріне. Ол болашақ мамандарға жылы лебізін білдіре отырып, өз сөзін ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемiн!» өлең шумағымен тәмамдады.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Университет пен зияткерлік мектептердің есігі дарынды, еңбекқор және білімге құштар жастар үшін әрқашан ашық» екенін, әрі оқу орнына түсу, білім саласында жетістікке жетуде әділеттілік сақталатынын ескерткен.

Қазіргі таңда университетте білім алып жатқандар 4 мыңға жетсе, болашақта олардың санын екі есеге арттыру көзделген. Биыл оқуды тәмамдаған 499 түлек — бакалавриат, 229 — магистратура және 9 — PhD дәрежесіне докторантура бағдарламасы бойынша диплом алды. Ал 75 түлек ерекше үлгідегі дипломға қол жеткізді.