Фирузаның промоутерлік компаниясы «FSK Promotion» деп аталады. Ол боксшыларды тек елімізде ғана емес, шетелде де танымал етуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты 26 тамыз күні EXPO-2017 аясында үлкен бокс кешін ұйымдастырмақ.
«Әрине әрбір промоутерлік компания ашылғаннан кейін, өзі туралы жар салып, үлкен матч өткізгісі келеді. Болат Манкеновтың «BM Global» компаниясы, «Alban Boxing Promotion», «Tiger Promotions», «Diamond Ring» — барлығы да өз шоуын ұйымдастырды. Фируза Шарипова өз матчын Қазақстандағы ең ірі шара EXPO-2017 аясында өткізетініне қуаныштымын. Бәрін дұрыс істеп отыр деп ойлаймын және оның қолынан келеді. Фирузаның өзі кәсіпқой боксшы, бұл әлемді ішінен таниды. Бірақ бокстағы жолы тоқтап қалмауы керек»,-деді Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко.
Вице-президенттің сөзіне сүйенсек, былтырғы жылдың өзінде елімізде жеті промоутерлік компания тіркелген. Фирузаныкі сегізіншісі болмақ.
Еске салайық, бұның алдында Фируза Шарипова спортшыларға заң қызметін көрсететін компания ашқан болатын.
Ал, 26 тамызда жеңіл салмақтағы WIBA және WBU чемпионы болгариялық Милена Колевамен жұдырықтасады.