Ал қаңтар айының басында ғана шағын наубайханалар нанның бұрынғы бағасына тағы 15 теңге қосқанын бұған дейін де айтылған еді.
Ал ендігі кезекте өңірдегі ірі наубайханалардың бірі — «Петропавл нан-тоқаш» комбинаты халық арасында көп сұранысқа ие болған «ерекше Петропавлдық» деп аталатын нанды бірден 13 теңгеге көтеріп жіберген. Дегенмен, баға өсімінің себептерін ешкім түсіндірмей отыр дейді халық.
Тіпті сөздерінше, кейбір дүкендерде аталған нанның бағасы 80 теңгеге дейін шарықтап кеткен. Сонымен қатар, жергілікті жұрт «жыл басынан бастап, бағалары жарыса өсіп жатқан нанның бағасы еліміз бойынша ең арзан болуы керек еді ғой» деп ашынады.
Ал нанның қымбаттауына байланысты Петропавл нан-тоқаш комбинаты да, жергілікті билік те әлі ресми жауап берген жоқ.
«Бөлке нанның бағасы сенбі күні өсті. Бірақ себебін мен білмеймін. Халықтың бұл бағаға қалай қарайтынын көре жатармыз. Ал бұған дейін қаңтар айында нан-тоқаш комбинатының батон, қара нандарының барлық түрі де қымбаттаған болатын», — дейді сатушы Елена Филипинюк.