Басты бет / Жаңалықтар /
Бішкек
Фото: kaa.wikipedia.org

Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кетуге кеңес берілді

Қырғызстан президенті әкімшілігі Бішкек тұрғындарына тамыздың соңы мен қыркүйектің басында мүмкіндігінше Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында болуға кеңес берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Бұл өтініш Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мемлекет басшылары кеңесінің саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына байланысты жасалды.

Президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзовтің айтуынша, бұл жолы Қырғызстанға бір мезгілде 21 мемлекеттің басшысы келеді. Олардың бірқатары мемлекеттік сапармен келсе, кейбірі жұбайларымен бірге қатысады.

Сондықтан Бішкек тұрғындарынан мүмкіндігінше осы күндері Ыстықкөлде немесе басқа демалыс орындарында болғандарын сұраймыз. Әйтпесе қолайсыздық ең алдымен өздеріңізге туындайды, өйткені үш күн бойы қаладағы жолдар жиі жабылып отырады, – деді ол.

Сонымен қатар Асқат Алагөзов биыл мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері оқуын 15 қыркүйекте бастайтынын еске салды. Осыған байланысты тұрғындарға 1 қыркүйекке дейін Бішкекке оралмауға кеңес берілді.

ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Бішкекте 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді. Осы күндері елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты да ұйымдастырылады.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram