Ақмола облысының әкімі Майдан Үсенованы қабылдады

Кездесуде батырдың қызы әкесiне құрметпен қарап, рухына тағзым етiп, оның ерлiгiн келешек ұрпаққа дәрiптеп жүрген облыс басшылығы мен барша ақмолалықтарға алғысын бiлдiрiп, ол туралы естелiктерiмен бөлiстi.

Өз кезегiнде аймақ басшысы, ақмолалықтар Мәлiк Ғабдуллин сынды батырдың жерлесi екенiн мақтан тұтатынын айтып, оның бейнесiн әрқашан жастарға үлгi етiп көрсететiнiн жеткiздi.

Сондай-ақ облыс әкiмi қазiргi таңда Зерендi ауданында, батырдың туған жерiнде Мәлiк Ғабдуллин есiмi берiлген бiлiм ордасында күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқанын да тiлге тиек еттi. Бұған қоса, «Рухани қазына» бағдарламасы аясында облыста өтетiн «Жас ғабдуллиншiлдер» республилық форумына шақырды. Форум елiмiздегi батырдың есiмi берiлген 8 мектеп оқушыларының басын қосуды көздеп отыр, атап өтейiк, олардың iшiндегi екi бiлiм ордасы Ақмола облысында орналасқан.

Облыс орталығында 1995 жылдан берi батырдың мұражайы жұмыс iстейдi. Онда Мәлiк Ғабдуллиннiң шығармашылығы мен есiмiн жастар арасында дәрiптеуде келелi жұмыс атқарылып келедi. Ал 2015 жылы батырдың туғанына 100 жыл толуына орай Көкшетауда ескерткiш бой көтердi.