Ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталды

2017 жылғы 11 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес 4-24 тамыз аралығында ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтеді.

Сайлауға еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар қатысады.

Ауыл әкімдерінің ауқымды сайлауы тұңғыш рет 2013 жылы тамызда өткен болатын. Заң бойынша әкімдердің өкілеттік мерзімі — 4 жыл. Осы сайлауда өкілеттігі аяқталған 1413 ауыл әкімі сайланатын болады.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің барлық саны – 2440.

Ауыл әкімдерін сайлауды ұйымдастыратын орган облыстық, аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары болып табылады.

Дауыс беруші жасырын сайлау бюллетені арқылы ауыл әкімін таңдай алады. Дауыс беру рәсімі аяқталған соң аудандық немесе қалалық аумақтық комиссия дауыстарды санауға кіріседі.

Дауыстарды санау кезінде салыстырмалы мажоритарлық жүйе қолданылады. Яғни, басқа кандидаттармен салыстырғанда сайлауға қатысқан таңдаушылардың көпшілік дауысын жинаған кандидат әкім болып сайланады.

ДереккөзBaq.kz