«Нұрлы жол» вокзалы сәулет саласындағы «Оскар» сыйлығынан үмітті

WAF-2017 Бүкіләлемдік сәулет фестивалінің финалына шыққан ғимараттардың тізімі белгілі болды. Ең үздік 400 нысанның арасында Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалы да бар.

Елоданың жаңа вокзалы фестивальге «Көлік» номинациясы бойынша қатысады. Аталған номинацияға тағы 13 жоба ұсынылған.

Финалистер өз жобаларын күзде Берлин қаласында таныстырады. Сәулет саласындағы «Оскардың» иегерлері 15-17 қараша аралығында өтетін фестивальде белгілі болады. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқау биыл онжылдық мерейтойын атап өтеді.

Биыл фестивальге мыңға жуық өтінім қабылданған. WAF-ты сәулет өнерінің «Оскары» деп атайды. Жыл сайын салтанатты түрде түрлі номинациялар бойынша отыз үздік нысан таңдалып, «Жыл ғимараты» атағы беріледі. Фестиваль жеңімпаздары мен финалистері осыдан кейін бүкіл әлемге танылып, көптеген артықшылықтар мен жеңілдіктерге ие болады.

«Жыл ғимараты» атағынан үмітті «Нұрлы жол» вокзалының құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстары осы жылдың мамырында ғана аяқталған.

ДереккөзKrisha.kz