«Евразия» кинофестиваліне Голливуд жұлдыздары келеді

Биылғы «Евразия» кинофестивалінде әлемдік фильмдердің тұсаукесерлері өтеді. Шараның шымылдығын Биджукумар Дамодаранның «Звук тишины» («Sound of Silence», Индия, 2017) фильмі ашады. Ал Люк Бессонның «Валериан и город тысячи планет» («Valerian and the City of a Thousand Planets», 2017) атты жаңа картинасымен фестиваль тәмамдалмақ.

ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің мәдениет және өнер бөлімінің директоры Алмаз Нұразхан фестивальдің Орта Азиядағы маңызы зор кинофорум екенін атап өтті.

«Евразия» фестивалі — Канн, Берлин, Венеция сынды «А» классының фестивальдерімен  тең дәрежеде продюсерлік қауымдастықтың Халықаралық одағында (FIAPF)  тіркелген, Орта Азиядағы орасан зор  кинофорум. Биылғы кинофестивальдің атауы «Мәдениеттер байланысы». Ол «Астана Экспо-2017» халықаралық көрмесінің тұжырымдамасымен өзара үндес», — деді.

Кинофорумға арнайы қонақ ретінде голливудтың жарқын жұлдыздары шақырылған. Атап айтсақ, «Оскар» және «Алтын глобус» лауреаты Николас Кейдж, Джон Ма́лкович пен Эдриен Броуди, американдық актриса Бай Лин, фестивальдік қозғалыстың орасан зор қайраткері, продюсер Марко Мюллер, Канн кинофестивалінің лауреаты Сулейман Сиссе келмек.

Айта кетейік, Астанада өтетін XIII «Евразия» ХКФ-нің бас ақпараттық серіктестігі — «Хабар» агенттігі.

ДереккөзEurasiaiff.com