Автонесие
Фото: ©Роман Масленников

Kolesa.kz порталының тілшісі автонесиеге көлік алып, жеке тәжірибесімен бөлісті.

Цифрлар мен қысқаша шешімдер

Несиенің шарттары төмендегідей:

  • Автомобиль құны — 5 510 000 теңге;
  • Шығарылған уақыты — 2015 жыл;
  • Алғашқы салым — 1 192 710 теңге (20 %-тен жоғары);
  • Қарыз сомасы — 4 317 290 теңге;
  • Несие мөлшерлемесі —  жылына 4 %;
  • Жылдық тиімді мөлшерлеме — 5.4 %;
  • Қарыз беру мерзімі — 48 ай (4 жыл);
  • Ай сайынғы төлем — 97 292 теңге;
  • 4 жылдағы үстеме төлем — 352 726 теңге;
  • Барлығы — 5 862 726 теңге.

Автонесиенің шарттары адам қызығарлықтай екеніне келісіңіз. Алайда, бұл сомалардан бөлек, сіз жоспарлағаннан тыс шығындар да бар.

Қосымша шығындар

  • Бейресми шығындар — 80 000 теңге;
  • КАСКО-ның алғашқы жылға арналған сақтандыру полисі — 183 300 теңге. Оны несие жабылғанға дейін төлеп отырасыз. Егер жол-көлік оқиғаларына түспей, айыппұлсыз жүрсеңіз, екінші жылдан бастап КАСКО шығындары азаюы мүмкін. Ол несиенің уақытылы төленуі мен көліктің жыл өткен сайын құнын жоғалта түсуіне де байланысты;
  • Азаматтық-құқықтық жауапкершілік бойынша міндетті сақтандыру полисі — 12 000 теңге;
  • Нотариалдық және өзге де шығындар — 20 000 теңге;
  • Көлік салығы — 7 493 теңге;
  • Көлікті есепке қою — 113 450 теңге;
  • Барлығы — 416 243 теңге.

Көлік алуға өтініш берген күннен бастап, көлікті алғанға дейін 53 күн кеткен:

Өтініштің берілген күні — 13 наурыз 2017 жыл;
Автомобильді алған күн — 4 мамыр 2017 жыл.

Көлік таңдаймыз

Ең бірінші қандай көлік алғыңыз келетінін анықтап алыңыз. Бұл уақыт үнемдеуде өте үлкен рөл атқарады. Себебі, сіз қалаған көлік салонда, тіпті елде жоқ болуы мүмкін. Ал, оны сіздің тапсырысыңызбен арнайы құрастыруға бір айдан көп уақыт кетеді. Сондай-ақ, автонесиелендіруге бағасы 15 миллион теңгеден аспайтын көліктерді ғана алуға болады. Мысалы, 2017 жылғы Kia Quoris көлігі 22 миллион 500 мың теңге тұрады. Оны 4 проценттік несиемен ала алмайсыз.

Несие алғанда баж салығының мөлшері көліктің шыққан мерзіміне тәуелді екенін ескеріңіз. Мысалы, көліктің шыққанына екі жылдан аспаса, баж салығы 0,25 АЕК-ті құрайды, яғни 568 теңге. Үш жылдан асып кетсе, баж салығы 50 АЕК болды. Ол 113 450 теңге. Сонымен бірге, егер 2015 жылғы көлікті алғанда, оны бес жылдан кейін сатсаңыз, бағасы да төмендейтінін ескеріңіз.

Көлік алар кезде саудаласыңыз. Сатушы сізге көліктің бағасын түсірмесе де, қосымша сый ретінде қысқы шиналарды, сигнал жабдықтарын қосып беруі мүмкін.

Несие шарттары

Көлікті таңдап, оның бағасына келіскен соң, ешқайда барудың қажеті жоқ. Несие беру өкілдері салонда «отырады».

Несие алуға қажетті негізгі құжаттар:

  • Жеке бастың куәлігі;
  • Ең аз дегенде соңғы алты айда зейнетақы аударымдарының болуы;
  • Мекен-жай анықтамасы.

Сондай-ақ, үйленген болсаңыз, жарыңыз көліктің несиесін толығымен төлеп болғанша, оған ортақтаспайтыны жөнінде келісім беруі керек. Бұл банк мүддесіне қажет құжат. Ерлі-зайыптылар ажырасып кетсе, банк ақшасын жоғалтпауы үшін осылай істейді.

Банк қызметкерінен несиені алдын ала жабатын болсаңыз, оны қайта есептеудегі санкциялар туралы сұрап алыңыз.

Кейбір банктер алғашқы төлем ретінде көлік бағасының 20 процентін төлеуді сұраса, кейбірінде тек 10 процентін ғана төлеп, несиені 7 жылға алуға болады. Оны да ойлаңыз.

Барлық құжаттарды толтырып қойған күннің өзінде, жеңілдікті несиені күтуге тура келеді. Себебі, қаражаттың қашан бөлінетінін банк қызметкерлерінің өзі де нақты айта алмайды.

Қорытынды

  • Автокөлік несиесін алу — өте ұзақ процесс;
  • Көлік алуға кететін шығын 4 процентпен бітпейді. Қосымша шығындарын да қосып есептеп, төлеуге шамаңыз жететін-жетпейтінін анықтап алыңыз;
  • Несиені төлеп біткенше жыл сайын КАСКО сақтандыруына ақша төлейсіз.

Автонесиелендіру елімізде 2015 жылдан бастап іске қосылды. Ол жеке тұлғаларға Қазақстанда құрастырылған, бағасы 15 милллион теңгеден аспайтын көліктерді несиеге алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде ондай санатқа: Chevrolet, Geely, Hyundai, JAC, Kia, Lada, Peugeot, Ravon, Škoda, SsangYong көліктерінің бірнеше модельдері кіреді.

Бағдарлама 20 жылға арналған. 2017 жылдың 1 маусымынан бері екінші деңгейлі банктерден көлік алуға 8 883 несие берілген. Ол 33 миллиард 785 миллион 800 мың теңгені құрайды.

ДереккөзKolesa.kz