Қазақтың әйгілі 5 қажысы

Қажылықтың парыз екендігі жайлы қасиеттi Құран Кәрімде былай делінеді: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» [1]. Ал Шариғатта «қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну ләзiм» екендігі айтылады. Осы амалдарды қасиетті қалаға барып орындаған қазақтар саны жетерлік. Назарларыңызға есімі халық жадында ерекше сақталған, еліне еңбегі сіңген бес тұлғаның қажылық сапары жайлы мағлұмат ұсынамыз.

Құнанбай қажы

Құнанбай қажы

Өз заманының даңқты тұлғасы, ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай — қасиетті Меккеге барып, парызын өтеген қажы қазақтың бірі. Ол  1804 жылы туып, 1886 жылы дүниеден өткен. Әкесі Өскенбай Тобықты елін билеген беделді адамдардың бірі болған. Ал анасы Зере — қазақ әйелдерінің эталоны, тарихтан парасатты ана ретінде белігілі тұлға. Зере баласы Құнанбайдың тәрбиесіне зор мән берген. Ол өзінің бір естелігінде «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргенім жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісміллә айтпай емізген мезгілім болған жоқ», – дейді.

Құнанбай Өскенбайұлы заманында би, балуан, аға сұлтан болған. Оның мұсылманшылдығы мен қажылыққа ниеті туралы Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», – деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», – деп жазады.

Меккеге қонақ үй салдыртқан қажы Құнанбай

1879 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. «Тақия» қонақ үйінің салғаны жайлы нақты дерек 1883 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан «Маңызды мәселелер кітабында» келтіріледі. Онда: «Байтоллаға бардық. Құрбан айының басында Меккеде қазақ Тәбиесіне түстік. Кіші жүз салдырған. Қанатбай деген қазақ тұрады екен. Құнанбай қажының да Тәкиесі бар екен» [2].

Құнанбай Өскенбайұлы қажылық сапарынан кейін, ел ісіне араласпай, қалған ғұмырын оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен өткізген. Біз әйгілі қажыны тек Меккеде үй салдыртушы деп қана емес, «Ескі тамда» мектеп аштырған, Қарқаралыда мешіт салдыртқан мұсылман ретінде де білеміз.

Шәкәрім қажы

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да — қажылық сапарын өтеп, ғұмырын мұсылманшылдықпен өткізген қазақтың бірі. Бес жасында ауыл молдасынан сауат ашқан Шәкәрім араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген.

Шәкәрімнің ұлы Ахат әкесінен естігендерін былайша баяндайды: “Меккенiң тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым. Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескi замандағы Абу Суфиян сияқты ғалымдары шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым. Қайта қайтқанда бiзден ауру шығып, бiр айдай Стамболда жатып қалдық. Мен доктормен келiсiп, Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үндi, парсы ғалымдарымен пiкiр алыстым” [3].

Сол заманда қажылыққа бару үшін әрбір адамға қыруар қаражат, қажылық паспорт алу үшін, маркаларымен, консулдық визамен қоса есептегенде 100-300 рубль, қажет болған [4]. Шәкәрімге мұндай қаражат қажеттілігімен сапарға аттану оңай шешім болмаған. Себебі Шәкәрім бұл кезде үлкен отбасының қамқор әкесі еді. Балалары да шиеттей жас болған. Оның үстіне  Мекке мен Мединаға дейінгі жолға 1 жылдай уақыт кететін. Бізге жеткен ресми мәлімет бойынша, Шәкерім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған.

Шәкәрім қажының игіліктері

Қасиетті қалаға сапарын пайдаланып, Шәкәрім қажы өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбұл, Париж кітапханаларынан қазақ тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Сол сапарда жинаған мағлұматтар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ хандар шежіресі» кітабын жазады. Ғалымның ұлы сапарынан кейін жарық көрген еңбегінің бірі — «Мұсылмандық шарты» кітабы. Бұл кітапта Шәкәрім Құдайбердіұлы Ислам дінін, оның басты қағидаларын, иман, ғибадаттарын қазақ тілінде халыққа түсінікті қылып жеткізуді мақсат еткен. Ал қажылық сапары туралы Шәкәрім 1912 жылы Семейде басылып шыққан «Мұсылмандық» атты трактатында жан-жақты талдау жасап тоқталады.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы

Қажымұқан Мұңайтпасұлы

«Күш атасы, қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан қажы болған ба?» деген сауал халық арасында жиі қойылады. 12-13 жасында 20 жастағы жігіттей алып тұлғалы болған балуан — шынымен де қажылығын өтеген қазақтың бірі. Әлем чемпионы атанған спортшы дінге жақын, иманды жан болған. Мұны дәлелдейтін естеліктер аз емес. Қажымұқанның бірінші әйелі — орыс қызы Надежда Чепковская. Мұқан өзге қазақ зиялылары тәрізді некесін мұсылманша қидырып, әйелі Надеждаға Ислам дінін қабылдатады. Есімін өзгертіп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті қызы Фатиманың атын бергізеді. Кейін халық оны «Бәтима» атап кетеді [5]. Бәтимадан туған ұлдары – Халиолла мен Ғабдолланың есімдері балуанның мұсылманша атқа аса мән бергендігін көрсетеді.

Қажымұқанның қажылығы

Алып балуан 1948 жылы дүниеден көшкен. Бертін уақыт болғандықтан, оның көзін көрген куәгерлердің көпшілігінің көзі бүгінде тірі. Қажымұқан жайлы естеліктерде балуан өмірінің соңғы жылдарында бес уақыт намаз оқып, Аллаға құлшылық еткені айтылады.

Қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан аталып кетеді. Ал «жауырыны жерге тимеген түрік палуанын жеңген соң Мұқанға қажы атағы беріліпті» деген – жалған әңгіме. Бұл сол уақытта қоғамның құбылысын, көзқарасын байқаған палуанның нағыз қажылығын жасырып, себеп тауып, өзінің шығарған «ертегісі» ғой», — деп жазады.

Қажылық сапары жайлы балуанның өз аузынан шыққан сөзі де бар. Балуан ауылдасы Дүйсенбай Елібаевқа: «Балам, мені халық бірінен бірі естіп қана біліп жүр. Атымды да толық білмеген жұрт Әжімұқан деп атап жүр. Менің атым – Қажымұқан. Меккеден келе жатқанымда «Қажы» деген сөзді түріктер қосып, «Қажы Мұқан» атандым», – деп айтқан екен. Бұл деректер қазақтың алып балуанының қажылыққа барғанына нақ дәлел болады. Алайда ұлы сапардың қай жылы, қай уақытта орындалғаны жайлы зерттеушілер әзірге анықтай алмаған.

Ақыт қажы

Ақыт қажы

Атажұрттағы елге есімі кеңірек таныс болмаса да, Қытай, Моңғол қазақтары мол мұрасы мен діндарлығы үшін Ақыт қажыны ерекше құрметтейді. Заманының алды болған ақын Ақыт Үлімжіұлы Алтай аймағында 1868 жылы дүниеге келген.

Ақынның баласы Ғазез Ақытұлының естелігінде: «Әкем жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан Құран сауатын ашады. Онан соң сол кездегі ауылдың тәуір молдасы атанған Ғұсманнан түркі тілдегі діни кітаптарды оқып, Құранның қирағатын түзейді. Яғни, Құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады… Араб, парсы, түркі тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фиқһ ғылымын да пысық игеріп шығады”, — деп жазады.

Ақыт қажы — дамолдалыққа жеткен мұсылманың бірі. Дамолдалық «аға молдалық» деген мағынаны білдіреді. Дамолда болу үшін діни жоғары мектепті тауысып, шаһадатнама алып шығу керек. Ол үшін үлкен жақтан төрт түрлі білімді игеріп шығу керек:

1. Құран Кәрімді 90 пайыз аударып, түсінетін болу керек. Ол үшін арабша жазылған алуан түрлі Құран тәпсірлерін оқуы керек. Өйткені, Ислам діні Құран Кәрімді “Алланың сөзі” деп таниды.

2. Хадис кітаптарын аударып, түсінетін болу керек. Хадис – Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сөзі немесе Пайғамбарымыздың (с.а.у.) іс-әрекеті немесе біреулер істесе, яки сөйлесе, қарсы шықпай дұрыс деп тұрақтандырған істері қатарлылар. Мәшһүр хадис кітаптары алтау. Олар мыналар: “Сахих Бұхари”, “Сахих Мүслім”, “Сахих Тәрмизи”, “Сахих Насаи”, “Сахих Әбу Дәуіт”, “Сахих ибну Мәжә”. Дамолда болған адам осы алты кітаптың біреуін толық оқып шығып, аудара білетін болу керек.

3.Фиқһты жақсы игеру керек.

4. Араб тілін үйренуі керек.

Қажының осы білімдерді меңгеріп, аға молда болғандығы жайлы ұлы Ғазез Ақытұлы естелігінде айтады.

Меккеге сапары

Ақынның қажылық сапары 1908 жылы басталады. Дәулеті артылмаған, қаражаты аз Ақыттың алғашында Меккеге барып, қажылық парызын өтеу жоспарында болмаған. Сол жылы Алтай, Тарбағатай өңірінен, Моңғолияның Қобда аймағынан ауқатты 60 адам Меккеге аттанады. Олардың арасындағы мұсылмандардың бірі Ақыттың тіл, дін білімі жағынан өздеріне жәрдемші болатынын ескеріп, қажылық сапарын бірге өтеуге ұсыныс білдіреді. Қуана келіскен Ақыт ақын алдағы сапарында түрлі тосын жайттар күтетінін білмеген еді. Ол өзінің ұлы сапары жайлы «Қажыбаян» атты еңбегін қалдырады. Осы еңбегіне сүйеніп, халық  «қажылықты Ақыт қажыдай суреттеген адам кемде-кем» деп бағалайды [6].

Меккені басқарған Абдолла қажы

Қайрат Қайполлаұлы, Меккені басқарған қазақ

Қазақтың екінші Бейбарыс сұлтаны атанған Абдолла қажы Сарыұлы Әл-Бұқаридың өмір тарихы қалың көпшілікке беймәлім. Ол — Сауд елі патшасының оң қол уәзірлігіне және Мекке қаласының әкімі лауазымына дейін көтерілген қазақ. Сондай-ақ, қасиетті Байтолланың үстіне жамылған кілемді алмастыру бақытына ие болған бірден-бір мұсылман.

Абдолланың өз есімі — Шәкен Сарыұлы. Алтай өңірінде дүниеге келген керей баласы 1940 жылы дұңған Мафуфаңның талауына түсіп, 13 жасында саудагер ұйғырға сатылып кетеді. 1941 жылы сол ұйғырмен бірге Сауд-Арабияға барып, сұлтан Бейбарыстың тағдырын қайталайды.

Абдолла қажының туыстарынан жеткен ақпарат бойынша, ол 1946 жылы Мекке қаласындағы Мемлекеттік Әскери Университетке қабылданады. Оқуды тамамдаған соң, Мекке қаласында жол сақшысы болып істейді. Кейін Шекара Қорғаныс армиясында, Шекара Қорғанысының  есірткімен күрес бөлімінде маңызды қызметте болады. Сауд елінде «Ерекше еңбегі үшін» марапаты мен «Мемлекетке еңбегі сіңірген генарал» атағы беріліп, Министр дәрежелі әскери қызметкерге айналады.

1970-жылдары Мекке қаласының әкімі міндетін 10 жылға таяу атқарғаннан кейін, Сауд патшасының көмекшісі, уәзірі  қызметіне дейін көтерілген. 1992 жылы зейнетке шығып туған жері Баркөл Қазақ Автономиялы ауданына барып қайтты [7].

Ғұмырында 39 мәрте қажылық еткен  Абдолла қажы Сарыұлы 2000 жылы Сауд-Арабияның Жидда қаласында 73 жасында дүниеден өтті.

Дереккөздер:

  1. Құран Кәрім, «Әли Имран сүресінің 97 аяты.
  2. Тұрсын Жұртбай: ҚҰНАНБАЙ (Жәбір сұлтаны), abai.kz
  3. Ахат Шәкерiмұлы. Қажылық сапары // Абай. – 1994. – № 9. – 37 б.)
  4. Мухтарова Г.Р т.ғ.к, «Қазақстандағы қажылық: ауыз әдебиеті мен мұрағат материалдарында көрініс табуы».

  5. Ермек Сахариев, «Алаштың алыбы».
  6. Марфуға Шапиян, «Ақыт қажы Абай өлеңдеріне неліктен «қиянат» жасады?», islam.kz.
  7. Қайрат Қайполлаұлы, Қазақтың қамын ойған хазірет, abai.kz.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігі дайындаған.