Елімізде ғылым жыл сайын дамып келеді. Ғылыми жаңалықтың бірін білсек, бірін білмейміз. Көпшілік қазақша ғылым тілін түсінбейміз дейді. Алайда бұл – жай таптаурын, қате көзқарас. Өйткені ғылым барлық тілде күрделі. Ал «Ғылым-білім бар жұрттар» деген Telegram арнасында зерттеу мен ғылыми жаңалық халыққа түсінікті, қарапайым тілмен жазылады.
Baribar.kz тілшісі арна авторы, ғылыми журналист, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары Дина Имамбаймен ғылыми жаңалық жазу жайлы әңгімелесті.
Telegram арнаның дереккөзі — шетелдегі журналдар мен еліміздегі университет сайты
«Ғылым-білім бар жұрттар» – ғылым жаңалықтары мен танымдық ақпарат жариялау үшін ашылған Telegram арнасы. Арна авторы Дина Имамбай Тапуm media деген аудио подкасты да жазады. Арна мен подкастағы ақпараттың бас дереккөзі – Nature, Science сияқты шетелдегі ғылыми журналдар мен еліміздегі университет сайттары.

Журналист ретінде ғалымдармен көп әңгімелесіп, ғылыми конференцияға қатысамын. Сондықтан халыққа осы тақырыпта пайдалы ақпарат жеткізгім келді. Google Scholar жүйесі мен JSTOR базасында ғалымдардың зерттеуі ашық жарияланған. Бір кірсең, шыққың келмейді. Әр саланың сайты мен журналын да бақылаймын. Ал еліміздегі ғылым жаңалықтарын университет сайттарынан, газет-журналдардан аламын. Міндетті түрде дереккөзге сілтеме қоямын. Ақпарат сенімді болады әрі кез келген адам ғылыми еңбекті оқып, таныса алады, — дейді журналист.

Ғылым тілін бәрі бірдей түсіне бермейді. Осы ретте Дина Имамбай ғалымның еңбегін егжей-тегжейлі талдамай-ақ, оқырманға басты нәтижені, яғни, зерттеудің өзегін ұсынуға кеңес берді. Ол сөйлемді қысқа әрі қарапайым тілде жазуға тырысады. Журналистің пікірінше, аудиторияға мәтінге қарағанда бейнеролик өтімдірек.
Ғылым тілі — күрделі тіл. Әр саланың өзіне тән терминдері бар. Оны сол бағыттағы ғалымдар ғана түсінеді. Біз газет-журналда мәтін редакциялауға машықтанғанбыз, тәжірибеміз бар. Ғылым жаңалығын жазғанда алдымен маңызды ақпаратты, кейін зерттеудің басты нәтижесін негізге аламын. Telegram арнаның оқырманы бұл жаңалықтан не өзгереді, адамдарға қалай әсер етеді деген сұрақтарға жауап алуы керек, — дейді Дина Имамбай.
«Ғалымдар өзін дәріптемейді, ал халық ғалымдарды танымайды»
Журналистің көзқарасы бойынша, ғылыми-танымдық ақпаратты қарқынды таратудың тағы бір маңызы – ғалымдар өзін насихаттамайды. Сондықтан көпшілік ғалымдар мен жас зерттеушілерді танымайды дейді.
Олар көбіне зерттеумен айналысады. Әлеуметтік желіде блог жүргізіп, жұмыс барысын көрсетуге уақыты жоқ. Ғалымдар мен олардың зерттеу жаңалығын ғылыми журналистер насихаттап, көпшілікке таныстыруы керек.
Мысалы, қазір кофенің орнына денсаулыққа пайдалы деп цикорий ішетіндер бар. Бұл шөп – кәдімгі шашыратқы. Ол бізде көп өссе де, ұнтақталған цикориді шетелден сатып аламыз. ҚазҰУ-дың ғалымы Айжамал Байсейітова шашыратқыдан ұнтақ өнім жасады. Бұл ғылыми жаналығы өндіріске енсе, өз елімізде жасалған өнімді сатып алар едік. Бізде осындай іргелі зерттеулер аз емес, — дейді Дина Имамбай.
Ғылыми-танымдық ақпаратты не үшін насихаттау қажет?
Журналистің пікіріне қарағанда, ғылым туралы жиі сөз қаузасақ, балалар мен жастардың ғылым-білімге қызығушылығы оянады. Дина Имамбай ғылым саласында жас мамандардың аз екенін айтты. Сондықтан балалардың ғылым-білімге жақын болып өсуіне жол ашу керек дейді.
Адамзат ғылым арқылы қазіргі даму деңгейіне жетті. Мемлекеттердің дамуы ғылым-білімге байланысты екені баршаға мәлім. Ғылыми-танымдық ақпарат көпшілік қауымға ғылым туралы түсінік қалыптастыруға ықпал етеді, сонымен қатар балалар мен жастардың ғылымға қызығушылығын арттырады. Ұлттық ғылым академиясының дерегінше, елімізде ғалымдардың орташа жасы – 58 жас. Демек, ғылым саласында жас мамандар аз, — дейді ол.
Бүгінгі жас өрен – келешек ғалым
Дина Имамбайдың сөзіне қарағанда, жоғары класс оқушылары мамандық таңдағанда қиналады. Себебі жастардың басым бөлігі қазір сұранысы бар кәсіп пен ғылым саласының түрлі бағытын білмейді. Сондықтан ол жасөспірімдерге ғылыми-танымдық ақпаратты кеңінен тарату керек деп санайды.
Ертеңгі зерттеушілер мен ғалымдар — оқушылар. Абай атамыз айтқандай, жас баланың бойында білсем, көрсем деген құмарлық басым болады. Сол себепті жастарды бала кезінен ғылымға барынша қызықтырып, дұрыс жолмен жетелей білу керек, — дейді ғылыми журналист.
Ғылым жолындағы зерттеушінің сағын сындырмай, қолдау керек
Журналистің айтуынша, «Қазақстанда ғылым мүлде жоқ» немесе «Өй, қойшы, сол ғылымыңды!» деген пікір жиі айталатыны рас. Бұл – кейінгі 30 жылда ғылымға ден қоймай, жеткілікті қаражат бөлмеудің салдары. Журналист ғылыми-танымдық контентті көп тарату елде ғылыми мәдениет пен сыни көзқарастың қалыптасуына ықпал ететінін айтып отыр.
Бірде жас орнитологтан сұхбат алып, Tаnуm media аудио подкасына жариялаған едім. Сонда зерттеуші: «Кейбір достарым менің құстарды зерттеумен айналысатыныма күліп, таңырқай қарайды. Ал шетелде ғалыммын десең сүйсініп, риза болады», — деді.
Ғылым жолындағы зерттеушінің сағын сындырмай, қолдау керек. Дина Имамбайдың айтуынша, қазір жағдай түзеліп келеді. Мемлекет жас ғалымдарды қолдап жатыр. Бұл заманда кез келген сала тек ғылым арқылы дамитыны белгілі. Сауатты адам әркез ғылыми зерттеуге сүйенеді.
