Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Кадр тапшы». Елде қандай мамандардың сұранысы көп?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Қазақстанда білікті кадрларды тарту мақсатында шетел мамандарын жұмысқа орналастырудың жеңілдеген тәртібі қолданылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекет сұранысы көп 50-ден астам мамандықты арнайы тізімге енгізген.

Дәрігерлер мен IT мамандарына сұраныс артты

Оның қатарында ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, инженерия және креативті индустрия салаларындағы жоғары білікті мамандар бар. Тізімге енген мамандық иелеріне Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі беріледі. Бұл тетік елдегі басым салаларға қажет кадрларды тартуға бағытталған. 2026 жылдың басынан бері бірқатар мамандықтар бойынша кадр тапшылығы сақталып отыр, — делінген хабарламада.

Enbek.kz порталының дерегінше, «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме тіркелген. «Педиатр» мамандығында 448 вакансияға 139 түйіндеме, ал «анестезиолог-реаниматолог» бағыты бойынша 300 бос орынға 75 түйіндеме ғана бар. Сонымен қатар онколог, неонатолог және эндокринолог мамандарына сұраныс жоғары екені айтылды.

Ақпараттық технологиялар саласында да кадр тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, қолданбалы бағдарламашыларға 509 вакансия, графикалық дизайнерлерге 355 бос жұмыс орны ұсынылған, — делінген хабарламада.

9 мыңнан астам бос жұмыс орны

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі дерегі бойынша, сұранысы көп мамандықтар бойынша 45 мыңнан астам еңбек шарты жасалған.  Сонымен қатар шетел жұмыскерлерімен 55 еңбек шарты рәсімделген. Олардың басым бөлігі «автоматтандыру инженері» мамандығына тиесілі.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы Enbek.kz порталында сұранысы көп мамандықтар бойынша 9 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Әсіресе медицина саласындағы мамандарға сұраныс жоғары болып отыр.

Министрлік мәліметінше, ішкі еңбек нарығы көптеген мамандық бойынша қажеттікті қамтамасыз етіп отырғанымен, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр.