2023 жылы әскери қызмет барысында ауыр бас жарақатын алған Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Марқұмның отбасы атынан сөйлеген Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаянның ата-анасына ауруханадан хабарласып, оның жүрегі тоқтап қалғанын жеткізген.
«Иә, өкінішке қарай, дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Анасы соңына дейін сенбей келді», – деді ол.
Еске салайық, биыл 16 маусымда Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі әскери қызметшінің жарақат алуына байланысты тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлаған еді ведомство.
Ербаян Мұхтардың оқиғасы қоғам назарын алғаш рет 2023 жылдың желтоқсанында аударды. Сол кезде ол ауыр хәлде ауруханаға түскен болатын.
Әскери бөлім өкілдері оның ата-анасына сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алған болуы мүмкін екенін айтқан. Кейін бұл жағдайға қатысты тергеу басталғаны хабарланды.
Ауыр жарақаттан кейін Ербаян сал болып қалып, комаға түсті. Оның тағдыры қоғамда кеңінен талқыланып, көптеген қазақстандық жігіттің сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Ол бірнеше күрделі операцияны бастан өткергенімен, денсаулығы толық қалпына келмеді. Отбасы Ербаянды Түркияға апарып, ұзақ уақыт емдеткен. Алайда соңғы күндері оның жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады.
