Air Astana әуе компаниясы Кипрдің Ларнака қаласына бағытталған маусымдық тікелей рейстерге билет сатуды бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, рейстер 2026 жылғы жаз мезгілінде Астана мен Алматы қалаларынан орындалады.
Астанадан ұшу кестесі
Елордадан Ларнакаға тікелей рейстер 2 маусым мен 5 қыркүйек аралығында аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады. Ұшақтар таңертең және күндіз ұшып, Ларнакадан кері рейстер күннің екінші жартысында орындалады. Ұшу ұзақтығы Ларнакаға дейін шамамен 5 сағат 40 минут, ал кері бағытта сәл қысқарақ болады.
Алматыдан рейстер
Алматыдан Ларнакаға тікелей рейстер 4 маусым мен 6 қыркүйек аралығында бейсенбі және жексенбі күндері жоспарланған. Алматыдан ұшу таңертең ерте, ал Кипрден кері рейс күндіз жүзеге асады. Ұшу уақыты Ларнакаға дейін шамамен 6 сағат 5 минут, кері бағытта 5 сағат 30 минут болады.
Барлық рейс заманауи Airbus A321LR әуе кемелерімен орындалады.
