Не болды?
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің ресми кездесуі өтіп, екі ел бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Екі мемлекет басшысы «Қазақстан мен Ресей халқының достығы мен тату көршілестігінің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемені» қабылдады. Құжатта стратегиялық серіктестікті сақтау және екіжақты қарым-қатынасты дамыту мәселесі қамтылған.
Келіссөз кезінде атом энергетикасы саласына да қатысты маңызды құжат рәсімделді. Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» басшысы Алексей Лихачев Қазақстан аумағында АЭС салу жобасын талқылады. Құжатқа сәйкес ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар АЭС құрылысын қаржыландыру үшін мемлекетке экспорт несиесін беру жөніндегі құжатты алмасты.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей үкіметі «Қазақстан – Сириус» халықаралық мектебін ашып, балалар мен жастардың талантын дамыту орталығын құру туралы келісім жасады.
Екі тарап мұнай саласын да дамытуға уағдаласты. Сонымен бірге Омбы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалында Ресей талапкерлерін қаржыландыру жөніндегі келісім жасалды.
Қаржы қауіпсіздігі бағытында Қазақстан қаржы министрлігі мен Ресейдің федералды қаржы мониториң қызметі заңсыз алынған кірісті заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы құжат қабылдады.
Қазақстан Ұлттық банкі мен Ресей Орталық банкі теңге мен рубль арасындағы валюта-суоп туралы да екіжақты келісімге қол қойды.
Көлік және логистика саласында «ҚТЖ» ұлттық компаниясы мен «РТЖ» жүк теміржол тасымалын цифрландырудың бірлескен жоспарын бекітті.
Контекст
Естеріңізге салайық, Путин Астанаға мемлекеттік сапармен 27 мамырда келді.
