Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Тоқаев АЭС жобасына қолдау көрсеткені үшін Ресейге алғыс айтты

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Ақордада шағын құрамдағы келіссөз өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын елордаға қош келіп, бұл сапардың екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамытуда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар ол екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке қатысты жеті негіз туралы бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өтті.

Бұл құжат өте мазмұнды. Мен оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Ол екі ел тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар президент Қазақстанда АЭС салу жобасына тоқталып, бұл бағыттағы келісімнің стратегиялық мәні зор екенін айтты.

Біз достас, бауырлас елдерміз. Ортақ тарихымыз, мәдени дәстүрлеріміз және халықтарымыздың менталитеті ұқсас. Бейбітшілік пен ынтымақ – басты құндылық, – деді мемлекет басшысы.

Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы тарихи достық пен стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол өткен жылы Қазақстан президентінің Ресейге жасаған мемлекеттік сапарын еске алып, екіжақты ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын айтты.

Елордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин «Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды.